8.06.2023, 16:30
Оқылды: 16

Мектеп құрылысын сынға алды

Бүгін Казталов аудандық мәслихатының депутаттары Көктерек ауылдық округіне қарасты Саралжын ауылында болды.

20230607051142_IMG_9950

Құрамында «AMANAT» партиясы Казталов аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының мүшелері, Казталов аудандық мәслихатының төрағасы Сәрсенбай Молдашев, «AMANAT» партиясы Казталов аудандық филиалының төрағасы Сакен Ишанов және аудандық мәслихат депутаты Серікбол Қадемов бар депутаттық корпус өкілдері 60 орындық мектептің құрылысымен танысты.

20230607051133_IMG_9948
Атаулы мектептің құрылысына қатысты мақала да жазғанбыз. Сол кезде қарқын алған құрылыс қазіргі уақытта баяулаған. Оны жергілікті тұрғындар айтып отыр. Жұмыстың бәсеңдегеніне мердігер де, техникалық қадағалушы да топырақ, ауыз су, жұмыс күшінің тапшылығы ауа райының қолайсыздығы себеп деп отыр. Құрылысты сынға алған аудандық мәслихат төрағасы Сәрсенбай Меңдіжанұлы сыныққа сылтау іздемеу керектігін ескертті.

20230607052208_IMG_9954
- Ашығын айтар болсақ, мердігер компания осалдық танытып отыр. Саралжын елді мекенінде ауыз су мәселесі бар екендігі пешенеден белгілі. Мұны әуел бастан ескеріп, су тасушы техникамен қамтамасыз етулеріңіз керек еді. Топырақ мәселесі де ретімен шешімін тауып жатыр. Сондықтан қолдағы ресурсты тиімді пайдаланып, жұмыс күшін арттырып, жұмысты жеделдетулеріңіз керек, - деді мәслихат төрағасы.

20230607051012_IMG_9940
Топырақ мәселесіне қатысты жерлес ақын, «Парасат» орденінің иегері Дариға Мұштанова апамыз да Facebook әлеуметтік желісінде жазба қалдырған еді:
«Менің ауылымдағы (Казталов. Саралжын.) мектеп құрылысының «қарқыны...». 1 -қыркүйекке бітуі керек дейді, жоспар бойынша. Қайдам... Онсыз да жүрісі мандымай тұрған құрылысқа қай бір пайдакүнем қиқымдардың қастық қылып, қарпып қалғылары келгендей әрекеттер де бар... Аулақ! Халыққа пайдаңды тигізе алмасаң, ең болмағанда зиян жасама! «Жай жатқан елміз біз...» Ауылымызға 50 жылда бір келген құрылыс екен, дұрыс бітуіне мұрсат беріңдер!», - деліген жазбада.
Иә, мектеп құрылысына қажетті топырақ мәселесінде мүдделер қақтығысы болды. Қазіргі уақытта мәселе шешімін тауып, 8 мың текше метр топырақ алынғанымен, әлі де 10 мың текше метр топырақ қажет дейді мамандар. Ал аудандық мәслихат депутаты Серікбол Қадемов мәселені шешу жолдарын тез арада қарастыру қажет екендігін атап өтті.
- Бұл мектептің құрылысы белгіленген мерзімнен екі айға кешіктіріліп жатыр. Әуелде басты мәселе топырақ тапшылығы болды. Алдағы уақытта да бұл мәселені жүйелі түрде шешу керек. Әйтпесе, бұл мектеп те сақалды құрылысқа айналуы мүмкін, - деді ол.
Қазіргі таңда мектептің іргетасы құйылып, қабырғалары қаланып жатыр. «AMANAT» партиясы Казталов аудандық филиалының төрағасы Сакен Ишанов құрылыс партияның тікелей бақылауында болатындығын ескертті. Айта кетейік, мектеп «Қарашығанақ Петролиум Оперейтин Б.В.» тапсырысымен салынып жатыр. Ал мердігер - «АқсайСтройСервис и К» ЖШС, техникалық қадағалаушы – «Мұнай жолдары» ЖШС.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале