Жәнібек ауданының әкімі Азамат Сафималиев А.Оразбаева атындағы негізгі орта мектептің ұжымымен кездесті. Кездесуде аудан басшысы жүзеге асырылған жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларын ортаға салды.
Кездесу барысында аталған мектептің техникалық қызметкері Шұғыла Мисурина Р.Егізбаев көшесіне жасанды жол кедергісі орнатылуын сұраса, аға оператор Әділбек Құбаевтың айтуынша Ғ.Абдуллин көшесінің шетінде үлкен шұңқырдың орны бар екендігін, оған ауыл тұрғындары мал өлекселерін, үйден шыққан күл-қоқысты әкеліп сол жерге тастап кететіндігін айтты. Ол сол шұңқырды топырақпен көміп беруін сұрады. Сонымен қатар, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ақмарал Ахтарова М.Ықсанов көшесіне де (экспедиция жағы) қатқыл табанды жол керектігін айтса, бастауыш сыныптың мұғалімі Ақмарал Дәулетова Наурыз, А.Оразбаева көшелеріне де асфальт төсеп, сонымен қатар теміржол жүк тасымалдайтын вагондардың арасын жаяу жүргіншілер өтетіндей орналастырса деген уәжін жеткізді. Аталмыш мектептің тарих пәнінің мұғалімі Жантөре Рамазанов мектептің атын өзгерту хақында ұсынысын ортаға салса, физика пәнінің мұғалімі Нәзира Әмірханова мектепте физика, химия кабинеттерінің лабораториясында ешқандай лабораториялық құрал-жабдықтардың жоқ екенін тілге тиек етті.
Қызметкерлердің өтініш-тілектерін мұқият тыңдаған аудан әкімі назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Жиыннан кейін аудан әкімі жеке қабылдау өткізді.
Бота Серік,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz