3.08.2022, 12:45
Оқылды: 46

Мектеп мәселесі – күн тәртібінде

Кеше Жәнібек ауданы әкімі Азамат Сафималиев, аудандық мәслихат хатшысы Тахир Қадимов, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Бағида Сарбалина Талов ауылдық округінде болып, ауыл тұрғындарымен кездесті.

IMG_7409

Жиналыстың басты мақсаты – аталмыш ауылдағы Ғ.Сарыбаев атындағы мектепті жалпы білім беретін орта мектеп дәрежесінде ұстап қалу. Алайда тұрғындар мен шаруа қожалықтарының жетекшілері толық жиналмағандықтан, жиын алдағы аптаның сейсенбісіне ауыстырылды. Дейтұрғанмен, басқосуда ауылға қатысты бірқатар мәселе айтылды. Биыл Ғ.Сарыбаев атындағы орта мектеп облыстық білім басқармасының рұқсатымен, шекара маңындағы ауыл болғандықтан өз жұмысын жалғастыруда. Алайда келесі оқу жылында бала саны жетпесе, мектеп тоғызжылдық мектепке ауысатын болады. Аудан басшысы жиналыста «шаруа қожалықтары жетекшілерінің болғаны дұрыс», - деді.

- Аталмыш мәселені ауыл болып шешпесе, әкімдікте оған қаражат қарастырылмаған. Себебі ауылға көпбалалы отбасыларды шақыру үшін олардың көмегі ұшан-теңіз. Тұрғын үй, малын беріп, балаларын мектепке орналастырып, жұмыс тауып берсек мектеп тоғызжылдыққа ауыспай, өз жұмысын жалғастыра беретін болады. Бұл мәселе күн тәртібінен түспейді. Қазірден бастап ауылға келетін отбасыларды тауып, жағдайын жасауымыз керек. Мұндай тәсіл республика бойынша қолданысқа енгізілді, - деді Азамат Сафималиұлы.

IMG_7411

Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Бағида Сарбалина: «Көпбалалы отбасыларды шақырудан бөлек, ауылда демография мәселесін де көтеру керек. Білім бірінші сыныптан емес, мектепке дейінгі ұйымдардан басталады. Сол себепті ауылда бала санын көбейту керек. Қазіргі таңда Ғ.Сарыбаев атындағы орта мектепте 68 бала білім алуда. Бұл стандартқа сай келмейді. Келесі жылы бала саны көбеймесе, қиын болайын деп тұр», - деді.

Сонымен қатар Талов ауылының басынан қыста да, жазда да жұмыс істейтін лагерь ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Гүлзара Мәди,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале