Бүгін Жәнібек ауданының әкімі Тимур Шиниязов кеңейтілген лездемеден кейін ауылдық округ әкімдерімен жиын өткізді. Басқосуға округ әкімдерінен бөлек дербес бөлім басшылары қатысты.
Алдымен аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрболат Әбдірешев слайд арқылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша соңғы атқарылып жатқан жұмысқа тоқталды.
Бөлім басшысының айтуынша, былтыр бағдарламаға қатысқан 59 адамның, 52-сі несие алып, шаруаларын дөңгелетіп жатса, биыл 63 несие алушыға 384 миллион теңге қарастырылған. Сонымен қатар Нұрболат Зұлпықарұлы бірнеше ұсынысты алға тартты. Яғни ауылдық округтерде құрылған жобалық кеңселерге несие алушылардың құжаттарының дұрыстығын, сәйкестігін, кәсіп бағытын нақты анықтап, бөлімге дұрыс ақпарат ұсыну, осыған дейін ауылдық округте құрылған жобалық кеңселерге «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жарнама баннер орналастыру керектігі туралы тапсырма берілген болатын. Күні бүгінге тек Жәнібек, Тау, Жақсыбай ауылдық округтері баннерлерді орналастырды. Қалған 6 ауылдық округ аталған жұмысты айдың соңына дейін аяқтауы қажет. Сондай-ақ биыл ауданға қаралған қаражаттың ауқымын ескеріп, тиісті деңгейде игеру бағытында жұмысты күшейтуді ұсынды. Содан соң ауылдық округ әкімдері кезек-кезегімен өз округтері бойынша жобаға қатысушыға ниеттілер хақында айтып өтті. Сонымен қатар аудандық мансап орталығының директоры Миранбек Ибатов орталықтың 2024 жылға арналған негізгі көрсеткіштерімен таныстырып, жұмыспен қамтудың белсенді шараларының кешенді жоспарын баяндады.
Сол сияқты аудандық қаржы және экономика бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Динара Әнуарова «Қаладан ауылға» бағдарламасы бойынша аудандағы тұруға жарамды тұрғын үйлердің саны мен жай-күйі туралы хабар берді. Осы орайда Тимур Серікұлы аудандағы көшу қаупі жоғары бес, яғни Талов, Борсы, Тау, Ақоба, Жасқайрат ауылдарына аталған бағдарламамен отбасыларды тарту қажет деп жиынды қорытындылады.
Гүлзара Мәди,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz