Қазіргі таңда вакцина алу мәселесі өзекті тақырыптардың біріне айналды. Қоғамда екпеге қатысты екі түрлі пікір бар. Бірі вакцинаның жалған екенін айтып, халықты наразылыққа шақырса, ал екіншісі денсаулығын күтіп, отбасы мен жақындарының жағдайын ойлайтын жандар. Вакцинацияның қауіпсіз екендігі жайлы, денсаулыққа кері әсер болмайтыны айтылып жүр. «Саулық – сақтықта» дегенді ұран еткендердің алды екпе алуда.
30 наурыз күні Казталов ауданы әкімінің орынбасары Рүстем Зұлқашев және әкім аппаратының бір топ қызметкері өз еркімен екпе алды. Денсаулығына жауапкершілікпен қараған мемлекеттік қызметкерлердің бұл бастамасы көпке үлгі. Алдымен дене қызуын, екпеге дейінгі жағдайларын тексерткен тұлғалар вакцина салдырды. Мемлекеттік қызметкерлердің денсаулығы екпеге дейін де, екпеден соң да оң нәтиже көрсетті. Осыған орай аудан әкімінің орынбасары Рүстем Зұлқашевты сөзге тартып көрдік.
- Вакцина алу – індеттен сақтанудың басты жолы. Әр адам өзі үшін, жанұясы, әріптестері үшін екпе алса дұрыс болар еді. Коронавирус – жәй ғана ауру емес. Осыны жадымызда сақтайық. Аудан тұрғындарын денсаулығын күтіп, айналасына қамқор болуға шақырамын. Бүгін ұжымдастарымның алды вакцина салдырды. Бәріміздің жағдайымыз ойдағыдай. Екпе салдыру кезінде ауырсыну сезімдері болмады.
Аудандық әкім аппаратының бас инспекторы Айдана Ғабитқызының да жағдайы жақсы. Екпе алған қызметкер халықты вакцина алуға шақырды.
- Денсаулығым қанағаттандырарлық. Ешқандай шағымым жоқ. Екпе алған сәтте әдеттегідей сезіндім.
Тұрғындарға вакцинадан қорықпаңыздар дер едім. Мемлекет қашан да халықтың жағдайын ойлайды. Екпе соның бір мысалы. Вакцина жайлы айтылып жатқан қауесеттерге сенбеңіздер. Әлі қиын күндер артта қалады, - деп сөзін түйіндеді бас инспектор.
Бұл кеселдің салдары бәрімізге ауыр тиюде. Жақынымыздан айырылып, қабырғамыз қайысқан сәттер де болды. Бірақ «батар күннің атар таңы бар» демекші, әлі-ақ бетпердемізді шешіп, еркін тыныстармыз. Осындай киын шақты бір-бірімізді қолдап, денсаулығымызға салғырт қарамайық.
Аяжан Ғаппар,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz