11.06.2025, 0:15
Оқылды: 166

«Мемлекеттің қорғаны – шекарашылар»

Мемлекет үшін ең маңыздысы елдің тыныштығы. Ал елдің тыныштығын күзету – шекара қызметінің міндеті. Шекарашыларымыз күн-түн демей, ауа райына қарамай мемлекеттік шекараны күзетеді. Себебі шекараның қауіпсіздігі – ел қауіпсіздігінің кепілі.

ШЕКАРА (3)

Бөрлі ауданы шекара бойында орналасқан елді мекен екені бәрімізге белгілі. Жарсуат ауылдық округінде орналасқан «Ақсай» шекара бөлімшесі ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің БҚО бойынша департаментіне қарайды.

Жақында жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу, шекара қызметінің маңыздылығын түсіндіру және құқықтық мәдениетті арттыру мақсатында аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Ақсай» шекара бөлімшесінде шекарашылармен кездесу оздырылды. Осы шара барысында «Ақсай» шекара бөлімше бастығының тәрбие және идиология жұмыстары бойынша орынбасары, лейтенант Еркебұлан Орынбасаров Ақсай техникалық колледжінің І курс студенттерін бөлімшемен таныстырып, шекарашылардың қару-жарақ, із кесу қалашығы, киім үлгілері және қызметтік итпен қалай жұмыстанатындарын көрсетті.

- Бөрлі ауданы бойынша шекараны «Ақсай» шекара бөлімшесі күзетеді. Шекараның аумағы Жайық және Елек өзендері арқылы өтеді. Осы аумақты біздер күзетеміз. Штаттық құрылым бойынша бөлімше келісімшарт қызметкерлерінен және офицерлерден құралған. Біздің күнделікті міндетімізге мемлекеттік шекараны күзету, шекара режимін сақтау, қызмет барысында мемлекеттік шекарадан заңсыз өтіп кетпеуді қадағалау кіреді. Біздер шекараны қызметтік техникалар, кинологтар, байланыс мамандары және қызметтік иттермен күзетеміз. Қызметтік иттер Алматы қаласында 4 айлық оқу-жаттығудан өтеді. Кинологтарда сол жақта жаттығудан өтіп, бөлімшеге келіп шекарада өздеріне берілген қызметтерін атқарады, - дейді «Ақсай» шекара бөлімше бастығының тәрбие және идиология жұмыстары бойынша орынбасары, лейтенант Еркебұлан Меңдібайұлы.
Студенттер бөлімшені аралау кезінде шекарашылардың бір күндік қызмет барысымен, олардың міндеттерімен танысты. Және де лейтенант Еркебұлан Меңдібайұлы жастарға «Заң мен тәртіп» қағидатын насихаттау аясында шекарадағы қауіпсіздік шаралары мен құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстары жөнінде ақпараттармен бөлісті. Бөлімшеге жиналған студенттерде осы жиын барысында шекарашылардың қызметтеріне деген қызығушылықтарын танытты.

- Мен бүгін «Ақсай» шекара бөлімшесіне келіп, өзімді қызықтырған сұрақтарға жауап алдым. Осы уақытқа дейін мені шекарашылардың қызметі, олардың міндеттері қызықтыратын еді. Маған бүгінгі шара барысында қару жарақ және қызметтік иттердің жаттығуы ұнады. Қазіргі уақытта мен колледж студентімін. Алдағы уақытта әскерге барып Отан алдындағы борышымды өтеймін, - дейді Ақсай техникалық колледжінің І курс студенті Рамазан Шарипов.
Сонымен қатар студенттер арасында турникке тартылудан кішігірім жарыс ұйымдастырылып, белсенділік танытқан қатысушыларға шекара қызметкерлері атынан шағын естелік сыйлықтар табысталды.

ШЕКАРА (1)

Кездесу соңында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ақмарал Исмағұлова шекара туралы ақпаратпен бөлісті.

- Әлем бойынша құрлықтағы ең ұзын шекара Ресей мен Қазақстанның шекарасы. Екі ел арасындағы ең ұзын үздіксіз құрлық шекарасы 7598,8 км-ді құрайды. Біздің елдің, жердің тыныштығын, тұтастығын, сіздердің еш уайымсыз, қайғысыз білім алып, еш алаңсыз өмір сүрулеріңізді қамтамасыз етіп жатқан осы шекарашылар. Шекарада қызмет ету – ең абыройлы қызметтердің бірі деп ойлаймын. Біздің егемендігімізді, тәуелсіздігімізді белгілейтін нышандардың қасына шекараны да енгізуге болады деп ойлаймын, - деп бөлімшеге ауданымыздың тарихы, қазіргі келбеті туралы жазылған кітаптарды табыс етті.
Айта кетерлігі, «Ақсай» шекара бөлімшесі 2024 жылғы қызметтік жауынгерлік іс қимылдардың қорытындысы бойынша БҚО Департаментінің «Үздік шекара бөлімшесі» атаныпты. Сонымен қатар қызметтік ит маманы да Департамент бойынша үздік деп танылған. Бөлімше бастығы да шекара қызметі бойынша «Үздік бөлімше бастығы» деп атанған.

Айдана Абдрахманова
Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале