12.10.2022, 20:31
Оқылды: 99

Менің мамандығым - болашақ кәсібім

Бүгін «Кәсіптік бағдарлау күніне» орай М. Ықсанов атындағы Жәнібек колледжінде «Менің мамандығым - болашақ кәсібім!» атты шара ұйымдастырылды.

IMG_0568

Жиынға «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Жәнібек аудандық филиалының директоры Жасұлан Басиров, сондай-ақ аудан орталығындағы Т.Жароков, №1 мектеп-лицей және А.Оразбаева атындағы мектеп қызметкерлері мен 9-сынып оқушылары қатысты.
Колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлдана Аткешова шараның оқушыларды кәсіптік бағдарлау мақсатында өткізіліп жатқандығын айтып, өту бағдарламасымен таныстырды.
- Мұндай шараларды жиі өткізу арқылы аудан орталығындағы мектеп оқушыларының басын бір жерге жинап, олардың арасында таныстық орнатамыз. Колледж студенттерімен таныстырамыз. Алдағы уақытта осындай бірқатар іс-шара өткізу арқылы оқушылардың қабілеттерін анықтаймыз. Атап өтер болсам, «Жастар жарқын болашақ», А.Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай оқушылар арасында ғылыми конференция, «Биатлон» жарысы, «Үздік информатик», «Тәттілер әлеміне саяхат» сынды көптеген шара жоспарлануда, - деді Гүлдана Аткешова.
Өз кезегінде колледждің өндірістік оқыту шебері, техникалық бағытындағы пәндік-циклдық комиссиясының төрағасы Жәнібек Кенжеғалиев техникалық және кәсіптік білімнің маңыздылығына тоқталып, колледжде дайындалатын мамандықтар туралы ақпарат берді.
Шара колледждің өндірістік бөлімінде жалғасты. Алдымен өндірістік оқыту шебері Еркебұлан Бисенғалиев «Жас маман» жобасы шеңберінде сатып алынған ауыл шаруашылық техникаларымен және агрегаттарымен таныстырып, олардың техникалық сипаттамалары және пайдалану ережелері жөнінде түсіндірді.
Ал өндірістік оқыту шебері Елдос Сапанов «Дәнекерлеушілер шеберханасында» орналастырылған түрлі дәнекерлеу аппараттары мен агрегаттарының мақсаты туралы ақпарат берген болса, колледж студенттері практикалық тұрғыда бірқатар дәнекерлеу жұмысын көрсетті.
Шара бағдарламасына сай ауыл шаруашылық мамандықтарының шеберханасында өткізілген шара барысында өндірістік оқыту шебері Абылай Амиров және арнайы пәндер оқытушысы Оралбек Қарашев шеберханада орналасқан құрал-жабдықтармен және оқу тренажерімен таныстырып, олардың жұмысы туралы егжей-тегжейлі ақпарат берді.
Сонымен қатар оқушыларға арналған интеллектуалды ойын ұйымдастырылып, ойын жүргізушілері колледждің педагог-психологы Алиса Бакишева және арнайы пәндер оқытушысы Рүстем Қойбағаров жол жүру ережелеріне байланысты түрлі сұрақтар қойып, сәйкесінше дұрыс жауап берген оқушыларға естелік сыйлық табыс етті.
Шараны қорытындылаған колледждің өндірістік оқыту шебері Жәнібек Кенжеғалиев шараға қатысқан барлық оқушыларға колледж әкімшілігі атынан алғыс білдірді.

Бақытжан Серіков,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале