22.06.2023, 11:15
Оқылды: 33

Мердігер олқылықты жөндеуге уәдесін берді

«AMANAT» партиясы Казталов аудандық филиалының төрағасы Сәкен Ищановтың бастамасымен партиялық бақылау комиссиясы Қарасу ауылына барды. Мұнда комиссия мүшелері 2020 жылы пайдалануға берілген Қарасу ауылының сумен жабдықтау жүйесін қайта құрудан кейінгі олқылықтармен танысты.

IMG-20230621-WA0092

2020 жылы Қарасу ауылы таза ауыз сумен қамтамасыз етілді. «Жолаушы-Жол» ЖШС өзіне жүктелген міндетті толығымен орындағанымен, кемшін тұстары байқалған. Округ әкімі болса, құрылыс барысында кеткен олқылықтарды жою мақсатындағы кепілдік мерзімінің аяқталу уақыты таяғандығын алға тартып, кемшілікті жойып, қалпына келтіруді талап етіп отыр.

Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Асфандияр Амангельдиев те бұл мәселе бойынша сотқа талап арыз жолданғандығын атап өтті.

- Мемлекеттік қабылдау комиссиясының 2020 жылдың 24 тамызындағы актісімен «БҚО Казталов ауданы Қарасу ауылының сумен жабдықтау жүйесін қайта құру» нысаны қабылданған және пайдалануға берілген. Мердігерге орындаған жұмысы үшін ақысы келісім шартқа сәйкес толықтай төленген. Алайда, аталған нысанды пайдалану барысында, құрылыста жіберілген кемшіліктерге байланысты, нысанда көптеген ақаулардың бар екендігі анықталды. Атап айтар болсақ, жерге көмілген су құбырларынан ақаулар шығуына байланысты, құбырлардан су шығып, жердің бетіне жайылып жатырған және жерге көмілген құбырлардың бетін топырақпен тығыздамай көмулері салдарынан көмілген топырақ отырған. Нәтижесінде құбыр бойына шұңқырлар пайда болып, ауыл тұрғындарының наразылықтарын туғызып отыр. Бұл мәселеге қатысты БҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арыз жолданды, - деді бөлім басшысы.

0beb7c54-c14f-49f8-9450-6551ca6fe910

Мән-жайды партиялық бақылау комиссиясының мүшесі ретінде біз де барып, көріп, біліп қайттық.

Біз көрген ойықтар көліктің қозғалысына кедергі келтіріп, мал мен балаға қауіп төндіретіндей. Олай деуімізге себеп те жоқ емес. Округ әкімінің айтуынша жуырда ғана ауыл ішіндегі ойықтардың біріне ірі қара мал түсіп кетіп, тұрғындардың күшімен шығарылған.

Тұрғындар «мал садаға, ойын баласы түсіп, мертіксе қайтпекпіз?», - дейді.

Сол мезетте «Жолаушы-Жол» ЖШС басшысы Саламат Серікұлымен телефон арқылы сөйлестік. Мердігер өзінің қателігін біліп, түсініп отырғандығын айтып, олқылықтарды жөндеуге уәдесін берді.

Ал «AMANAT» партиясы Казталов аудандық филиалының төрағасы Сәкен Ищанов бұл мәселенің шешілуін бақылауында ұстайтындығын жеткізді.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале