Бәйтеректе отбасылық құндылықтарды дәріптеуді мақсат еткен «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының аудандық кезеңі өз мәресіне жетті. Іс-шара барысында бірлік пен берекенің, ізгілік пен тәрбиенің алтын ұясы болған өнегелі отбасылар ұлықталып, қоғамға үлгі етерлік шаңырақтар анықталды.

Биылғы байқау бұрынғы жылдармен салыстырғанда жаңа серпінмен өтіп, мазмұндық тұрғыдан байып, ұйымдастыру деңгейі де жоғары болды.
15 мамыр-15 маусым аралығында байқауға құжат қабылданса, одан кейін он бес күн бойы қазылар алқасы отбасылардың портфолиосын мен бейнероликтерін қарап, сараптаған. Жалпы аудан бойынша 7 отбасы байқауға қатысуға ниет білдіріп, әрқайсысы бірлігімен, өнегелі өмір салтымен, ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершілігімен ерекшеленді.
Қорытынды іс-шарада сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев қатысушыларды құттықтап, отбасы – тәрбие бастауы, қоғам тірегі екеніне ерекше тоқталды.

– Отбасы – кез келген адамзаттың қалыптасуындағы негізгі мектеп. Адамгершілік пен адалдық, сүйіспеншілік пен сыйластық, еңбекқорлық пен елжандылық – осының барлығы ең алдымен жанұяда қалыптасады. Мерейлі отбасы байқауы бірнеше жылдан бері өз жалғасын тауып келеді. Бұл – отбасыларға деген үлкен құрмет пен сенімнің көрінісі. Жастарға айтарымыз – отбасы құруға тек сезіммен ғана емес, материалдық және рухани дайындықпен де келген жөн. Қиындық туған сәтте бірден айырылысуды емес, мәселенің түйінін бірге шешуді үйрену – мықты отбасылардың белгісі. Осынау сайысқа қатысып, бірлік пен ынтымақты көрсеткен әр отбасыға алғыс айтамын, – деді Ерлан Ерсайынұлы.

Өз кезегінде сөз алған «Ақ отау» отбасы орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алтынай Исқалиева «Мерейлі отбасы» бір-біріне деген құрметі мен махаббаты үзілмеген, бала тәрбиесіне мән беретін, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін отбасыларға арналған байқау екенін баса айтты.

Байқау нәтижесінде Мұханбетқалиевтер (Махамбет ауылы) «Өнегелі отбасы», Адиловтар (Янайкин ауылы) «Үлгілі отбасы», Айтқалиевтер (Дариян ауылы) «Ұлағатты отбасы», Төлебаевтар (Егіндібұлақ ауылы) «Өнерлі отбасы» аталымдарына ие болды. ІІІ орын Шымировтарға (Макаров ауылы), ІІ орын Ертілеуовтерге (Белес ауылдық округі) бұйырды. Дариян ауылдық округінен келген Сұлтанғалиевтер отбасы жеңімпаз деп танылып, облыстық кезеңде аудан намысын қорғайтын болады.
Салтанат Серікбайқызы,
Бәйтерек ауданы