Жақында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына үміткерлерді іріктеу жөніндегі Бөрлі аудандық комиссияның отырысы өткізілді. Аудан әкімі Еркебұлан Ихсанов төрағалық еткен комиссияға ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып жүрген, сонымен қатар бала тәрбиесінде де белгілі нәтижелерге қол жеткізген 6 отбасының құжаттары ұсынылды.
Аудандық «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына үміткерлерді іріктеу жөніндегі комиссия мүшелері қабылдау кезінде іріктеу критерийлерін басшылыққа ала отырып екі отбасыны облыстықтық конкурсқа қатысуға лайықты деп тапты. Ауданда отбасылық құндылықтарымен, бала тәрбиесіндегі жетістіктерімен үлгі болып жүрген Ақсай қаласынан Махаметов Рақымжан Тудахунұлы және Пугачев ауылдық округінен Ельтаев Кенжебек Сыйлыбайұлының отбасыларын «Мерейлі отбасы» конкурсының аудандық деңгейінің жеңімпаздары деп таныды.
Ельтаев Кенжебек Сыйлыбайұлы мен Ельтаева Торғын Серікқалиқызының отбасы.
Елге танымал, бақытты отбасы Дана атты қыз, Мейрамбек, Сұлтан, Бибарыс, Ерасыл атты төрт ұл тәрбиелеп отыр. Отағасы Кенжебек сүт бағытындағы ІҚМ шаруашылығы бойынша жеке кәсіпкер. Еліміздің мал шаруашылығына үлесімді қоссам деп жүрген еңбекқор жан. Отанасы Торғын Пугачев мектеп-бала-бақша кешенінде әдіскер болып жұмыс істейді. Үлкен қыз Дана Назарбаев университетінің, ал Мейрамбек Нархоз университетінің студенті. Отбасы көп балалы болып саналады. Сонымен бірге отбасының барлық мүшелері оқуда да, еңбекте де қоғамдық өмірде де өте белсенді. Тілдік және спорттық көптеген жарыстар мен байқаулардың жеңімпаздары. Балалардың білімге, өнерге деген құлшыныстары отбасында үнемі қолдау тауып отырады. Еңбекқор да талантты балалар тәрбиелеп отырған отбасы өте ұйымшыл, бірлікті, үлгілі.
Махаметов Рақымжан Тудахунұлы мен Махаметова Әсемгүл Нұрланқызының отбасы.
Еңбегімен елге танылған бұл отбасында Жанерке және Саида атты екі қыз, Амир атты ұл тәрбиеленуде. Шаңырақ иелері жоғары білімді мамандар. Тұрақты жұмыстары бар. Соған қарамастан, отағасы Рақымжан мал шаруашылығымен, сүт өнімдерімен айналысады. Отанасы Биснес-бастау бағдарламасымен мемлекеттік грант ұтып алып, жұмыс жасап жатыр. Отбасы қандай жұмысты қолға алмасын содан нәтиже шығаруға машықтанған. Отбасының үлкен қызы Жанерке ауданымыздың спорттағы мақтанышы. Ж.Тудахунова шаңғы жарысынан Қазақстан Республикасының 6 мәрте чемпионы, Қазақстанның биатлон бойынша чемпионы. Осы шаңғы және биатлон спорт түрлерінен спорт шеберлігіне үміткер. Сол сияқты кіші қыздары Саида да тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасының чемпионы атанып, топ жарып отыр. Отбасында адамгершілік, отбасылық құндылықпен бірге еңбекқорлық бірінші орынға қойылған.
Дариха Нұрашова,
Бөрлі ауданы