18.03.2022, 15:40
Оқылды: 82

Мерекеге арналған жарыс

«Аудандық қазақ күресі федерациясы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлыбек Хайруллиннің қолдауымен, «Бәйтерек» спорт клубының ұйымдастыруымен Бәйтерек ауданы Переметный ауылында қазақ күресінен аудандық турнир өтті.

IMG_1063

Ұлт спортын дамытып, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру мақсатында оздырылған бәсекеге ауылдық округтерден келген палуандар қатысты.

IMG_1066

-Қажымұқан мен Балуан Шолақтың ізін жалғаған Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыханов сынды жауырыны жер иіскемеген боз кілем шеберлерін тудырған қазақ даласы талантқа кенде болмады. Ықылым заманнан қазақ тойы күрессіз өтпеген. Ел қорғаған батырларымыз да шеберліктерін осы күрес арқылы шыңдаған. Бүгінгінің батырындай болып, білек сыбанып, күш сынаса келген әр жігітке сәттілік тілеймін. Бабы мен бағы қатар шапқан шын мықты жеңіске жетсін,- деді бәсекенің ашылуына арнайы келген аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев.

IMG_1069

Кейін «Аудандық қазақ күресі федерациясы» қоғамдық бірлестінің төрағасы Нұрлыбек Хайруллин сөз алып, палуандарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, алдағы уақытта да ұлт спортын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді.

IMG_1079

Боз кілемнің шаңын қағып, көрерменге күрестің қандай болатынын көрсеткен палуандар 55, 60, 66, 70 және аса ауыр салмақ дәрежесінде сынға түсті.

IMG_1076

Бір-бірін алып та, шалып та жыққан жігіттер күрес тамашалай келген көрерменге қызықты белдесулер ұсынып, әдемі күрес көрсетті. Қорытындысында ең жеңіл 55 келі салмақ дәрежесінде Жасұлан Исмағұлов, 60 келі тартатын палуандар арасында Бағдат Нажимов, 66 келіде Орынтай Жангерей жеңімпаз атанса, 70 келілік палуандар сынында Вадим Скоробогатовқа тең келер палуан табылмады.

IMG_1085

Ал жанкүйердің делебесін қоздырып, жарыстың сәні болған түйе палуандар жарысында жас болса да жақсы күрес көрсете білген Дияс Әдиетолла топ жарды.

күрес (1)

Бәсеке соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы медальдар мен естелік сыйлықтар табысталды.

күрес (3)

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале