Тұрғындар денсаулығын сақтау мен нығайтуда қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек ұсынып келе жатқан Орал қалалық №5 емханасында білімді де білікті ақжелеңді абзал жандар аз емес.
2010 жылы «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында ашылған бұл емдеу орнында 60 мыңға жуық адам тіркелген. Мұндағы медицина қызметкерлерінің білім мен біліктілігінің, олармен қолға алынып жатқан түрлі іс-шаралардың нәтижесінде аурулар, жалпы өлім-жітім саны төмендеп келеді.
Емханада 34 дәрігерлік учаске бар. Солардың бірі - жалпы тәжірибелі дәрігер Баян Есенғалиева жетекшілік ететін №14 учаске. Бұл жерде 2 мыңа жуық адам тіркелсе, солардың он пайыздайы диспансерлік есепте тұр. Баян Бақтығалиқызы жас болса да білімділігімен, біліктілігімен ерекшеленеді. Астана шағын ауданы 9 үй, 3 пәтерде тұратын, қант диабеті мен қан қысымы бойынша есепте тұрған Биби Қалиеваның айтуынша, дәрігерлердің жылы сөзінің өзі жанға шипа, дұрыс ем қолдана білуінің арқасында ол біраз аурудан сауыққан. Емхана ашылғалы бері жұмыс істеп келе жатқан кеңейтілген тәжірибе мейіргері Сәния Жапарова мен мейіргер Алтынбек Талпақов та ем алушылар тығыз байланыста. Әсіресе Сәния Мергенғалиқызы есепте тұрғандармен, жасы егде тартқан жандармен уақытылы хабарласып, үйгелеріне барып, анамның денсаулықтарын қарап, керек дәрі-дәрмектерін әкеліп тұратынын да айта кеткен жөн.
Жалпы емделушілерден осы емханадағы ақ желеңді абзал жандар жөнінде оң пікірлерді жиі естуге болады. Себебі олар - өз ісінің білікті мамандары. Көпшіліктің оларға айтар алғысы зор. Жас пен кәріні ауруынан айықтырып, жанына дауа, тәніне шипа болардай ем беріп, науқастың көңілін көтеріп, өмірге деген құштарлығын арттырып, ел үшін еңбек етіп, халықтың алғысын алып жүрген №5 емхананың ақ желеңді абзал жандарын Медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтап, дендеріне саулық, отбасыларына амандық, қызметтеріне табыс тілейміз!
Сәкен Әбілхалықов,
Бәйтерек ауданы