Күні кешегі XX ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында «Литературная газета» «Где вы, настоящие мужчины?» деген мақала жариялап, онда орыс еркек кіндіктілерінің араққа салынып, өздерінің қабілет-қарымынан айрылып бара жатқаны жөнінде мәселе көтерген болатын. Содан бері орыс басылымдары бұл тақырыпты назардан тыс қалдырған емес.
Дегенмен байбаламға мыңқ еткен орыс еркектері байқалмайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДСҰ) мәліметінше, олар арақ ішуден ТМД елдері арасында көш басында келеді. Ал біздің азаматтар болса орыс ағайындардың аяғын құшып тұр. Ресейде арақ ішу орташа есеппен жылына бір адамға 15 литрге жетіп қалса, Қазақстанда 8 литрден асып тұр.
Бүгінде «ең таза», «ең қуатты», «ең, ең» деген ішімдіктің түрлерін дүкендердің «молшылықтан» майысқан сөрелері мен аттылыға еріп, шаты айрылғанша шаба беретін қазекемнің барын салған жиынтой дастарқанынан көруге болады. Әншейінде алды-артымызға қарап, көрпеге қарай көсілу керектігін уағыздап айтамыз да, арақ дегенде уәдемізге тұра алмаймыз. Оспанхан Әубәкіровше айтқанда, «бәтуәсін бәтеңкесінің ішіне салып қоятын» халық болып барамыз. «Жарымаған кісі құсап» деп қоямыз қонақ күткенде, той жасағанда. Сөйтеміз де жарығандығымызды арақ-шараппен көрсетеміз. Ертесіне «Бас ауыртпайды екен» деп жұбатамыз өзімізді.
Ішімдіктің салдарынан белі кетіп, белі кеткен соң, әйелі басқаға еріп кетіп жатқандарды, арақтың арқасында танымайтын еркектің төсектегі таптауына түсіп, төсеніш болатын ай қабақ, алтын кірпік аруларымызды қайда қоямыз?!
Асқар Құсайынов,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz
Мақаланың толық нұсқасын "Орал өңірі" газетінің №93 санынан оқи аласыздар.