1.09.2023, 18:20
Оқылды: 4

Мойылдыда шағын спорт алаңы ашылды

Білім күнін мерекелеген мойылдылықтардың қуанышы еселенді. Ауылда осы күні шағын спорт алаңы ашылып, пайдалануға берілді. Ауылдың үлкені де, кішісі де толықтай жиналған шараға аудан әкімінің орынбасары Бақберген Әбуов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

4D017EBA-3343-478E-AE3F-7B9972AD79EF

Ауданымызда дене шынықтыру мен спортты өркендету мақсатында ауқымды істер өрістей береді. Қазіргі уақытта ауданда екі дене шынықтыру және сауықтыруорталығының құрылысы аяқталуға жақын. Мойылды ауылында спорттан үлкен жетістікке жетіп жүрген жеткіншектер жетерлік. Өткен жылы қол күресінен жеңімпаз атанған ағайынды Ізбасар мен Нұртас Нұрболұлы – осы сөзімнің дәлелі. Спортқа таласы бар осындай жас өрендер су жаңа алаңның игілігін көре берсін. Ауылымыздың атағын алысқа жеткізер чемпиондар шығып, ел мерейін асқақтатсын, - деді ол.

Сондай-ақ ол мектеп мұғалімдері Маржан Рашидқызына аудан әкімінің алғысхатын және Армангүл Серікқызына облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның Құрмет грамотасын табыс етті.

8560FEA5-68AA-4BC4-AE96-09F4B2924A4B

Волейбол, футбол, баскетбол ойындарына арналған әмбебап нысанның алаңы 15х27,5 м., жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат көлемі – 15 169 952 теңге. Аталмыш нысанға «КазСтройGroupLTD» «Жайық Сити» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігерлік етті.

Салтанатты шараның соңында Чапаев, Мерген, Мойылды ауылының жастарынан құралған командалар шағын футболдан өзара мықтыны анықтады. Жаңа алаң жастарға жігер сыйлаған болу керек, әр команда жеңісті қолдан бермеу үшін барын салды. Тартысты додада Чапаев жастар командасы бәрінен басым түссе, мергендіктер екінші, Мойылды жастары үшінші орынды иеленді. Орын алған командаларға ұйымдастырушылар атынан ақшалай сыйлық табыс етілді.

Айта кету керек, осындай спорт алаңы жуырда Сайқұдық ауылында да құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі.

Азамат Қанапия

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале