8.06.2022, 18:04
Оқылды: 55

Мұқтаж отбасыға екі бөлмелі пәтер сыйлады

Жуырда Жаңақала ауданында бір отбасы қоныс тойын өткізді. Дәлірек айтсақ, қайырымды жандардың көмегімен Жаңақала ауылының тұрғыны Бибігүл Бекеноваға 2 бөлмелі пәтердің кілті табыс етілді.

жаңақала

Айлардың сұлтаны – Рамазан айында басталған игі іс «1000 теңгеге баспана» аясында 27 күннің ішінде халықтан қомақты қаржы жинауға атсалысқан «Жаңақала көмек» командасы бүтіндей бір отбасының жүзіне күлкі сыйлады. Көптен күткен қуанышты жиында сөз алған Қамбар Каменов Бибігүл Бекқалиқызына жылы лебізін білдіріп, пәтердің кілтін салтанатты түрде табыс етті. Сонымен қатар ел анасы Қымбат Молдаханова да ізгі тілегін жолдап, жаңа пәтердің лентасын қию рәсімін жасады. Бұдан соң кейіпкеріміздің қуанышына ортақтасуға келген қонақтар ішке кіріп, арнайы жайылған ақ дастарқанға жайғасты. Алдымен жаңа үйге Құран оқылып, әрі қарай игі тілектерін жолдап құттықтады.

Халық сыйлаған баспана

- Бибігүл Бекқалиқызына жыл сайын пітір садақа беремін. Биыл да Рамазан айында садақа беруге бардым. Жақынырақ таныспақ ниетте әңгімеге тартып, жағдайын көріп білгендіктен отбасы туралы толығырақ сұрадым. Баласы мешітке қонып жүр екен. Үй алғысы келетінін айтып жүретін. Сол кезде сөйлескенде оған үй берілмейтіндігін айтқан еді. Жолдасы, 23 жастағы мүгедектігі бар ұлы, 5 жасар кішкентай қызымен 18 жылдан бері аядай ғана бір бөлмеде өмір сүру қиын болып жүргенін айтып, налыған болатын. Осы сәтте жаным ашып, Бибігүл апаға көмек көрсететін жомарт жандар болса деген бағытта, реніші болмаса, бейнежазбаға түсіріп әлеуметтік желіге таратқым келетінін айтып, жариялаған едім. Екінші күні телефонымды қарасам, «қолдайық, бірігіп, үй алып берейік» деген кеңпейілді жандардан көптеген пікір түсіпті. Содан, халықтың қалауымен он бір адамнан тұратын топ құрып, Бибігүл апаға арнап жинақ ашып, қолұшын созып бастадық. Нәтижесінде бір айға жуық уақытта жомарт, қайырымды жандардың барлығы қолдап, 3 млн теңге жинап, пәтер алып, қуанышты қоныс тойын тойлап жатырмыз. Ең бастысы – Қазақстанда тұрып жатқан әр қазағым баспаналы болсын. Қазақстанның түкпір-түкпірінен қолдау білдіріп, үлестерін қосқан барлық жанашыр жандарға алғаусыз алғысымды білдіремін. Солардың арқасында осындай дәрежеге, осындай пәтерге қол жеткізіп отырмыз, - деді игі іске бастамашы болған аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Дина Мұқашева. «Еріктілер» деп атап жүрген қайырымдылыққа жаны құмар мейірімді жандардың қатары жыл сайын артып келеді. Аталмыш қуанышқа атсалысқан «Жаңақала көмек» командасының мүшелері Дина Даниярқызы, Айнагүл Мерешова, Зульфия Қарашева, Айнұр Көшетова, Қобыланды Сапиуллин, Мөлдір Хатимуллина, Клара Жумагельдина, Аягөз Самиғатова, Гүлбақыт Дүйсен, Алина Тлегенова, Қамбар Сүлейменұлы қолдау білдірген барлық жомарт жандарға алғыстарын білдірді.

жаңа2

«Ұйқысыз түндер, уайыммен өткізген күндерім артта қалды»

Тосынсыйға таңырқаған мұқтаж ана қуанышын жасырмай, қолұшын созған барша қазақстандықтарға шынайы алғысын жаудырды.

- Ұзақ жыл аядай бір бөлмеде тамақ ішіп, жуынып, киініп, ұйықтайтынбыз. Тамақ пісірген кезде бір бөлме ысып кетеді. II топтағы мүгедек баламды тексеруге келетін дәрігерлерге үйдің іші тар. Қызым да биыл мектеп табалдырығын аттайды. Анасы болғандықтан сабағын тексеремін. Өсіп келе жатқан қыз баласы. Оған да бөлме тарлық ететін. Ол кездер мен үшін өте қиын болды. Ал қазір осындай жанға жайлы 2 бөлмелі пәтерге қоныс аударуым бірінші Алланың, екінші халқымның арқасы деп білемін. Ұйқысыз түндер, уайыммен өткізген күндерім артта қалды. Қазіргі таңда қуанышым қойныма сыймай, қатты қуанып жүрмін. Бұлай үйлі болам деп еш ойламап едім. «Армандар орындалады» деген осы шығар. Еліміздің әр өңірінен көмек қолын созған жүректері мейірімге толы халқыма шын жүректен алғысымды айтамын. Дендеріңіз сау болып, әр отбасы бақытты күн кешіп, бала қызығын көруді нәсіп етсін. Еліміз көркейе берсін. Бүгінгі балаларды қорғау мерекесі құтты болсын. Сауапты істеріңіз Алладан еселеніп қайтсын, - деді қуаныштан жанарына жас үйірілген Б.Бекқалиқызы.

Түйін:

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл», «Көп түкірсе көл» демекші, қайырымдылықтың үлгісі болған бұл істің артында ананың ақ батасы мен балаларының шексіз қуанышы жатыр. Бір ауданда күн кешіп жатқан жерлестер әр кез бір-біріне тілеулес, қиналғанда көмек қолын созатынына бұған дейін де көз жеткізгенбіз. Мұнымен тоқтап қалмай, пейілі таза, көңілі дархан, жомарт жандар көп екенін әлі де дәлелдейтіні анық.

Жаннұр Берікқызы

Жаңақала ауданы 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале