Ұлттық спорттың iшiнде iлкiден келе жатқаны — қазақ күресi. Кезiнде қазақ күресi арқылы аты бүкiл әлемге мәшһүр болған Қажымұқан Мұңайтпасов пен Балуан Шолақтың iзбасарларын бүгiн де көптеп кездестiремiз. Солардың бiрқатары бүгін Теректінің төрінде белдесті.
Қазақ «Күш атасын танымас» дегенді бекер айтпаса керек-ті. Ертеде тек той-думандарда ғана білек түретін балуандар уақыт өте келе қазақ күресін ұлттық спорттың түріне айналдырды. Соның бірі, елімізде дәстүрге айналған «Қазақстан барысы».
Теректі ауылының дене шынықтыру сауықтыру кешенінде қазақ күресінен ересектер арасында «Қазақстан барысы» атты аудандық іріктеу турнирі өтті. Ұлттық қазақ күресін бұқара арасында кеңінен дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, шұғылданушылардың спорттық шеберліктерін арттыру — шараның ең басты мақсаты.
Аудандық турнирге Подстепный, Ақжайық, Новопавлов, Шаған, Ақсуат, Ұзынкөл, Теректі, Долин ауылдарының спортшылары қатысты.
Сайып келгенде, подстепныйлық Мұрат Баубеков бірінші орынды қанжығаға байлады. Новопавловтық Әли Аблаев екінші, шағандық Руслан Дүйсенғалиев үшінші орынды жеңіп алды. Сөйтіп, Мұрат — Теректінің «барысы» атанды.
Жеңімпаздар марапатқа ие болды.
Айшабибі Мәмет,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz