Өткен аптада ғана аудан әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев Ақтөбе қаласындағы “JUDOKA AQTOBE” open cup клубының ашық біріншілігінде бақ сынағалы жатқан жас дзюдошылармен кездесіп, сәттілік тілеген еді.
Ал Сырым елінің намысын арқалап, Ақтөбеге аттанған Батырхан Әділбеков “Чемпион атанып, елдің атын шығарамыз!” деп бек сеніммен бекер айтпапты.
Расымен, жас боз кілем шеберлері чемпион атанып, сөздерінде тұрды.
19 келі салмақ дәрежесінде Батырхан Әділбеков ІІ орынды еншілесе, 23 келі салмақ дәрежесінде Айбол Қыдырғали ІІ орын, Амирлан Мұратов І орын иегері атанып, жеңіс тұғырынан көрінді.
Ал Алихан Мұратов 29 келі салмақ дәрежесінде қарсыластарынан бағы мен бабы оза шауып, алтыннан алқа тақты.
35 келі салмақта Әділбек Насибуллин ІІІ орынды қанағат тұтты.
Аталмыш спортшылардың бапкерлері - Айбол Оразғалиев пен Мәулет Қожахметов.
Қола болсын, күміс пен алтын болсын, жеңіс медальмен өлшенбейтінін анық білеміз.
Қаршадайынан бойларына сіңген қайсарлық, мықты ерік-жігер мен үздіксіз дайындық нәтижесін берді.
Алдағы уақытта да жас палуандарымыз аға буын секілді әлемді мойындатуына тілекшіміз!
Айжан Бауыржанқызы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz