Теректі ауданына мүсінші Манас Аққожин есімі жақсы таныс. Теректі былай тұрсын, Орал шаһарыда Аққожинды нағыз талант деп біледі. Талант емей немене, аядай бөлмеде адам сенгісіз жұмыстар жасап, оны республика төріне шығарып жүр.
Күні кеше Алматы қаласындағы Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында «Ұлағатты ұрпақ» атты көрме ұйымдастырылды.
Аталмыш шара ұлы суретшінің 120 жылдығына, сонымен бірге Үкі Әжиевтің 100 жылдығына, Нағымбек Нұрмұхаммедовтың 100 жылдығына және Гүлфайруз Исмаилованың 95 жылдығына орайластырды.
Батыс Қазақстан облысы атынан осы көрмеге теректілік Манас Аққожин және график Асхат Абдешов барып, республикадан жиналған шеберлер мен көрме қатысушыларына өз жұмыстарын таныстырыпты.
– Көрмеге 150-ге жуық қылқалам шеберінің 200-ден астам туындысы қойылды. Пікір алмастық, өзара ой бөлістік. Шараның ашылу салтанатында атақты суретші Әлібай Бапановтың қолынан алғысхат алдық. Оның өзі Асхат екеумізге үлкен құрмет, зор жетістік деп білемін, - деді өз сөзінде Манас Исмағұлұлы.
Ұрпақ тәрбиесіне атсалысып, сонымен қатар өз талабын да ұштап жүрген жерлесіміз әлі талай өнер көрмелерінде мықтыларды таң-тамаша етеді деп сенеміз.
Әділет Орынбасаров
Теректі ауданы