15.06.2024, 11:30
Оқылды: 244

Мұхит мұрагерлері ән керуенімен Жалпақталға келді

Кешке еліміздің батыс өңіріндегі дәстүрлі ән мектебінің тамырына қан жүгірткен Мұхит мұрагерлері ән керуенімен Жалпақтал топырағына арнайы тоқтап, «Мұхиттың мұрагерлері» жобасы аясында Ғарифолла Құрманғалиевтің 115 жылдығына арналған батыс дәстүрлі ән мектебі өкілдерінің басын қосқан үлкен өнерлі топ жергілікті халыққа рухани азық сыйлады.

IMG-20240614-WA0063

Ауылдағы Мәдениет үйі сахнасының шымылдығы «Атамекен» этно-фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен Ернар Өмірәлінің орындауындағы Ғарифолла Құрманғалиевтің «Сәлем Қазақстан» әнімен ашылып, әрі қарай қуатты екпінмен жалғасын тапты. Аталмыш шараны елімізге танымал журналист, белгілі күйші өңір мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Дәулеткерей Құсайыновтың жүргізуі, көрермендерге үлкен әсер сыйлады. Керемет кешке қатысып, өнер көрсет­кен дәстүрлі әнші, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Сағадат Рахметжанов, Халықаралық байқаулардың лауреаты, жерлесіміз Назгүл Қабиева, республикалық әнші-термешілер байқауының жүлдегері Бейбіт Қажығалиев, дәстүрлі әнші, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері жалпақталдық Ернар Өмірәлі, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі Фархат Оразов, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Асхат Оразов, Республикалық Әміре Қашаубаев, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы әншілер байқауының лауреаты Серік Әбдірахманов, «Құрмет» орденінің иегері Қайрат Кәкімов, дәстүрлі әнші Жақсылық Исламғалиев, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, әнші, ақын Хатимолла Бердіғалиев, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Дастан Есентеміров Мұхиттың, Ғарекеңнің әндерін нақышына келтіре орындап, әнсүйер қауымды қуа­нышқа кенелтті.  Осы үрдіске арқаланған зал толы көрермендер сахнаға шығып ән орындаған әрбір әншіге шабыт сыйлап, ұзақ қол соғып отырды. Осылайша, көңілге керемет күй сыйлаған әдемі кеш барысында танымал дәстүрлі әншілердің орындауында «Зәуреш», «Ақиіс», «Айнамкөз», «Ағайша», «Үлкен айдай», «Ақжайық», «Сүйген жар», «Кел, құрбым» және тағы да басқа әндер зал ішіндегі көрермендерді қатты тебірентті.

Кеш соңында аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Исатайқызы жалпақталдық ағайындар атынан «Атамекен» өнер ордасының директоры, аталмыш жобаның авторы Бауыржан Халиоллаға өнер сүйер қауымның атынан алғыс айтып, астына сәйгүлік мінгізсе, ел қошеметін үлкен жүрекпен қабыл алған Бауыржан Халиолла өзіне тарту етілген тұлпарды өнердегі құрмет тұтар ағасы Сағадат Рахметжановқа сыйлап, үлкен жомарттық жасады. Бауыржан ақынның бұл шешіміне риза болған жалпақталдық ағайындар ұзақ қол соғып, қошемет көрсетті.

Қыдыр Харесұлы,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале