4.06.2024, 0:00
Оқылды: 71

«Мұхиттың мұрагерлері» Қаратөбеде

Бүгін жезтаңдай әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің 115 жылдығына арналған Батыс дәстүрлі ән мектебі өкілдерінің ән керуені қасиетті Қаратөбе ауданында болды. «Мұхит мұрагерлері» жобасы аясында өнер сапарымен келген өнерпаздарды қаратөбелік көрермен зор қошеметпен қабылдады.

Мұхит мұрагерлері (1)

«Мұхит мұрагерлері» жобасының жетекшісі Бауыржан Халиолла мен дәстүрлі әншілерді аудан кіреберісінен қарсылаған Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев бастаған топ қазақы дәстүрмен ақ дәм ұсынып, құрмет көрсетті.

Қасиетті Қаратөбе топырағына келген меймандар алдымен орталық алаңда орналасқан Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жезтаңдай әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.

Мұхит мұрагерлері (3)

Алты алашқа ән оздырған Мұхит бабамыз бен Ғарекеңнің әндерін насихаттауға арналған шараның шымылдығын Ернар Өмірәлі «Сәлем, Қазақстан!» әнімен бастап берді.

Дәстүрлі өнер салтанат құрған кеште жерлес дәстүрлі әнші Сағадат Рахметжанов Мұхиттың «Зәуреш», Ғарифолланың «Ақжайық» әндерінің шығу тарихына тоқтала отырып шырқап берді.

Одан соң Бейбіт Қажығалиев «Жас өмір», «Ақиіс» әндерін, Назгүл Қабиева «Мақтан етем», Фархат Оразов «Үш қыз», «Еңбек» термесін, Ақмарал Кемелханова «Өзен», Асхат Оразов «Сүйген жар», «Боз жорға», Нұралы Айтуғанов «Нұржамал», Серік Әбдірахманов «Досыма», «Өмір» термесін, Айжан Мұхамбетжанова «Қаламқас» әнін шырқап берді.

Мұхит мұрагерлері (7)

Тыңдармандар қошеметіне бөленген кеште ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиев «Жаз» әнін, халық әні «Шымырды» орындаса, Қайрат Кәкімов «Айнамкөз» әнін әуелете шырқады.

Кешті Дастан Есентеміров Мұхиттың «Алуаш» және Ғ.Құрманғалиевтің «Әнші дауысы» әндерімен қорытындылады.

Сазды шараның соңында сөз сөйлеген аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев сал Мұхит пен Ғарифолланың шығармашылығын насихаттаудың маңыздылығына тоқталып, қаратөбелік тыңдармандарды дәстүрлі өнермен тербеген барша өнерпаздарға алғысын жеткізіп, жоба жетекшісі Бауыржан Ергенұлына алғысхат пен естелік сыйлық табыстады.

Мұхит мұрагерлері (13)

Баба мұрасын насихаттауға арналға «Мұхит мұрагерлері» жобасының жетекшісі Бауыржан Халиолла зор қошеметпен қабылдаған қаратөбелік тыңдарман мен аудан басшылығына алғысын жеткізді.

Серікбай Хасанов, 

Қаратөбе ауданы

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале