8.08.2022, 12:30
Оқылды: 78

Музей жауһарлары ауылдарда

Тамыз айының алғашқы күнінен бастап Шыңғырлау аудандық тарихи-өлкетану музейінің жұмысында жаңа бағдарламалық жоба өз жұмысын бастап, ол Шыңғырлау ауданына қатысты барлық елді мекендерді қамтиды. Жобаның атауы – «Жәдігер-жауһарлар». Аталған шараның алдына қойған мақсаты-музей жұмысын жаңа үлгіде насихаттау, музей қорын көбейту, көрермендерді көбірек тарту арқылы халықпен жұмыстың сапасын жақсартып, өрісін кеңейту.

3

Мақсатты жұмысты жүзеге асыру үшін аудан елді мекендеріне музейдің көрмесінің бару кестесі жасақталып, ұйымдастыру шаралары жүзеге асырылды. Сонымен, «Жәдігерлер-жауһарлар» атты жұмысымыз басталып та кетті. Алғашқы кезекте музей меңгерушісі Тілеген Қалиев басқарған қызметкерлер тобы өз жұмысын Ащысай ауылдық округінен бастады. Амангелді ауылының мәдениет үйінің қызметкерлері музейдің жылжымалы көрінісін қуана қарсы алып, жұмысты ұйымдастыруға қызу ат салысты. Музей жәдігерлері мәдениет үйінің кең залына рет-ретімен өз тақырыптарына сай орналастырылды. Міне, алғашқы келуші де есігімізді ашты. Бірінші болып ауыл тұрғыны, көпбалалы апа Айжан Ақаева келді. 5 ұл мен 1 қыз тәрбиелеп отырған жас келінімен, Әмірхан мен Алуа есімді немерелерімен музей көрмесін көруге кірісті. Немерелерін ертіп келген әжені көріп, олардың бірінші келгенін жақсы нышанға балап, қуанып қалдық. Көп кешікпей көшпелі көрмені көрушілер саны көбейе бастады. Ұстаздармен оқушылар, ауыл қонақтары, үлкендердің келуі түске дейін азайған жоқ. Келушілерге музей жәдігерлерінен терең мәлімет беріліп, қызықты деректер, тың жаңалықтар айтылды.

2

Келген қонақтар ризалық сезімге бөленіп, алғыстарын айтып жатты. Отарова Дана (9 сынып оқушысы): «Көрме өте ұнады, жәдігерлерді көріп, сырларын ұғып, жақсы әсер алдым. Бұл мен үшін жақсы жаңалық болды. Ауылға келген музей қызметкерлері ағалар мен апаларға көп рахмет»,- деген тілек арнады. Жаңа бастамамыздың жақсылығынан жарқыратқан мезгіл деп бізге ағайынды Ақтан мен Жүсіп Лесовтар келген кезді айтуға болады. Туған жерде тынымды еңбек етіп жүрген жігіттер музейге жаңа жәдігерді сыйға тартты. Көне мылтықтың қанжар қондырғысы енді музей төрінен орын алатын болады. Амангелді ауылынан аттанар тұста бізге көрме ұйымдастыруға үлкен көмек жасап, қолдау көрсеткен Орынгүл мен Салтанат есімді мәдениет қызметкерлеріне риза болдық.

Осы күнгі сапар Ащысай ауылында жалғасты. Мәдениет үйінде орналасқан көрмені көрушілер саны мұнда да толастамады. Жаңадан сайланған округ әкімі Жасқайрат Айсиев біздің бастамамызға қолдау көрсетіп, жұмысымыздың сәтті өтуіне көмектесті. Ауылдық округ әкімі аппараты қызметкерлері мен мәдениет үйі директоры сапар сәнін келтіріп, ерекше жұмыстанды. Басқа елді мекендерде де осындай жақсы жұмыстар өтеді деген сеніммен алдағы кездесулерге жоспарларды жалғамақпыз.

Т.Қалиев,

Шыңғырлау ауданы

аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале