2.04.2025, 18:00
Оқылды: 279

Музейдің “Алтын қақпасы”  

 

Сырым ауданындағы білім беру саласында, кейін әкімдігінде қызмет еткен, еңбегімен елге сыйлы болған Марат Қадыровтың заман уақытында бағасын бермеген бір қайраткерлік ісі бар. Марат Сақыпұлы Жымпитыдағы аудандық музейдің негізін қалаған жан екенін біреу білер, біреу білмес. Тарих патшалығына кіретін музейдің “алтын қақпасына” айналған әріптес ағасы жайлы Сырым Датұлы атындағы тарихи – өлкетану музейінің меңгерушісі Айнагүл Ойшыбай толғанады. 

PHOTO-2025-04-02-11-39-27

Жымпиты тарихында білім саласы мен оның мамандары туралы көп томды кітап жазуға болады. Сол көптомдықтың бір томына  ұстаздардың ұстазы Марат Қадыровтың өмірі лайық.

«Жақсы адаммен айтылған жарты сағаттық әңгіме сенің жарты ғұмырыңа азық» деген. Біз үшін Марат Сақыпұлымен болған әр әңгіме ғұмырымызға дем беріп, рухани азық қана емес, тарихи сабақ.  Ауданның   өсіп өркендеу жолы сан тарау жолдардан тұрады, оның көшін сүйрейтін - білім саласы. Осы білім саласында қажырлы еңбек етіп, орасан зор үлес қосып, мінсіз қызмет атқару, ұстаздықты шын сүйген мейірімді жүрек пен ұшан - теңіз білімі бар адамның ғана қолынан келеді. Сол үдеден шығып, білім ісіне өз қолтаңбасын қалдырған Қазақстанның білім беру саласының үздігі, «Еңбектегі ерлігі үшін», Тәуелсіздіктің 10жылдығы мерекелік медалдерінің иегері ауданымыздың «Құрметті азаматы» Марат Сақыпұлының өмірі кім – кімге де үлгі.

Ғұмырбаяндық дерек былай сөйлейді.

Қадыров Марат Сақыпұлы – қазіргі Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауданы Есенсай ауылында дүниеге келген. 1957 жылы С.Сейфуллин атындағы №11 орта мектепті күміс медальмен бітірген. 1962 жылы А.С.Пушкин атындағы Орал педагогика институтының физика-математика факультетіне оқуға түсіп,   физика пәнінің мұғалімі мамандығын алып шығады. Алғашқы еңбек жолын 1962-1963 оқу жылында Тайпақ ауданы Есенсай ауылындағы «Қазанның 40 жылдығы» мектебінде өз мамандығы бойынша бастайды. 1963-65 жылдары Жымпиты ауданы, Жымпиты орта мектебінде физика-математика пәнінің мұғалімі болып еңбек етті. Баскетболдан, қол добынан бірнеше дүркін облыс чемпионы Марат Сақыпұлы,  ауданда алғашқылардың бірі болып оқушыларды баскетбол, қол добы, стол теннисі секілді көптеген спорт түрлерін дамытуды қолға алды. Кейін көптеген шәкірттері спорттық жарыстарда үлкен жетістіктерге қол жеткізеді.

1965 жылдан 1984 жылға дейін Жымпиты мектебі директорының орынбасары, мектеп директоры болып үздіксіз қызмет атқарады.

Өз жолында төрт мың жарымнан астам шәкірт тәрбиелеп және солардың аты жөндерін есте сақтап, алпыс сегіз жыл өтсе де әр қайсысының қайда кім болып қызмет жасайтыны жатқа білу мықты жады бар адамдарда ғана болатын сирек қасиет шығар. Әлде Марат мұғалім жұмысын шынайы сүйді ме?!

Мектептен соң аудандағы білім бөлімінде қызмет жасаған жылдары нағыз тарихи кезеңдегі қайта құру мен тәй тәй басқан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиыншылықтың тұсына тап келгенде нағыз шеберлікті қажет ететін басшының іскерлігі шыңдалатын тұсы екені айтпаса да түсінікті.  Марат Сақыпұлының терең білім мен ұстаздық тәжірибесі мол, іскер басшылық қабілеті аудан әкімдігіне қызметке келгенде көмектесті. 1993-2001 жылдары аралығында Сырым ауданы әкімі орынбасары болып тағайындалып, мемлекеттік қызметті  де ойдағыдай атқарады. Мәдениетті қолдау жылы аясында Сырым Датұлының есімін атап өту шаралары қолға алынып, түрлі ұсыныстар да түсе бастағанда аудандағы біраз зиялы қауым атынан батыр атындағы музей ашуды қолға алу керек деп ұсыныс айтылады. Ұсынысты құп алған ағамыз осы жерде белсене ізденіске түседі. Оралдағы облыстық тарихи – өлкетану музейіне барып, елге белгілі есімдер Сара Есқайырқызы және Гүлсім Оразымбетқызымен жоспар жасайды. Содан Гүлсім ханыммен екеуі Алматы қаласына барып ұлттық бұйымдар, батырдың бес қару топтамасын арнайы тапсырыспен жасатып, біраз жәдігерлерді солай Жымпитыға келеді. Қоғамдық негізде құрылған музейдің алғашқы құжаттарын 2002 жылы жасақтап, Сырымның мерейлі тойын атап өтерде музейді ашып үлгереді, кейін облыстық музейдің теңгеріміне берді. Жұмыс онымен бітпеді.  Қорын толықтыру үшін орасан көп жұмыстар жасалды. Одан соң алғашқы «Отан» партиясын құрушылардың  да қатарынан табылып, кейін аудандық мәслихатта тексеру космиссиясының төрағасы болып қызмет етеді.

PHOTO-2025-04-02-11-39-27 (1)

Есенсайда туып, Жымпитыда өскен жан кезінде үлкен кісілерге қарайлап, өзінен кейінгі бауырларына қамқорлық танытып басқа ұсынылған үлкен қалалардағы лауазымды қызметтерді бас тартқан.  Марат ағамыз еңбектің бел ортасында жасы жер ортасынан асқанша тынымсыз, мінсіз қызмет атқарып 43 жылын Жымпитыда өткізіп жан жары Света Тоқтарова апамызбен бақуатты тірлік кешіп бүгінде екі қызынан тараған жиендеріне абзал ата болып Орал қаласында тұрып жатыр.

ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап, ХХІ ғасырдың басына дейін саналы ғұмырын шәкірт тәбиелеп олардың жан – жақты тұлға болып қалыптасуы үшін елдегі бір темірқазыққа айналған аяулы ұстаз. Болмысында ұстаздық қасиеттің болғаны екі бақыттың бірі, себебі қанмен берілген ұстаздық қасиет текке кетпей өз жемісін береді. Шәкірт жүрегіне жол тапқан жандардың «ұрпағымен мың жасаған Ұлықпан хәкімдей» мәңгілік болмысы шыңға шыққан шынардай табанды ізі қалары анық. Ол із ұстаздың  жүрегінде, азбайтын алтындай темір төзімінде болады. Марат Сақыпұлы - тарихты жинақтаған ғана емес, өз дәуірінің тұлғасына айналған адам.

Айнагүл Ойшыбай,

Сырым Датұлы атындағы тарихи – өлкетану 

музйінің меңгерушісі

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале