5.08.2022, 23:41
Оқылды: 32

Нан бағасы назарда

Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлыбек Даумов, аудандық кәсіпкерлер және ауыл шаруашылық бөлімінің маманы Ерлан Нұркенов және ауылдық округ әкімі Нұргүл Омарова аудан орталығында орналасқан наубайханаларға арнайы барып, мониторинг жұмыстарын қолға алды.

IMG-20220805-WA0112

Жалпы ауылымызды нанмен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкерлердің жағдайымен танысуды, нан сапасы мен бағасы мәселесін талқылауды мақсат еткен жұмыс тобы мониторинг жұмыстарын Гүлнар Әлмұратованың наубайханасынан бастады.

IMG-20220805-WA0110

Кездесу нанның бағасы мен сапасынан басталды. “Кәсіпкер өнімін неге 250 теңгеден ұсынып отыр?” деген сұраққа:
- Шикізатты, яғни ұнды және басқа да қоспаларды мен жергілікті кәсіпкерлерден аламын. Қаладан тасымалдауға жағдайым жоқ. Сонымен қатар, нан пісіретін пешім электр қуатымен жұмыс істейді. Айына кем дегенде 70 мың теңгені электр қызметіне төлеймін. Бұған екі наубайханашы мен нан тасымалдайтын қызметкердің жалақысын қосыңыз. Тіпті сол нанды қымбатқа ұсынып, байып отырғаным шамалы. Ал сапасына тоқтала кететін болсақ, қазіргі таңда табаға салынатын қамырдың салмағы 800 грамға жуық. Енді пісіп шыққанда нанның салмағы 700-750 гр болады. Ұсынып отырған нанымыз үгітілмейді, тойымды деп айтсам, артық болмас, -деді Гүлнар Әлмұратова.

Тіпті бұл кәсіпкердің өнімі аудан бойынша танымал екенін Ерлан Нұркенов те айтып кеткен болатын.

Өз өніміне сұраныс жоғары екенін кәсіпкер де жасырмады. Наубайхана иесі күніне 300 данадай нан сатылатынын айтады. Гүлнар Әлмұратованың наны Сайқыннан басқа да ауылдық округтерде сұранысқа ие екен. Аптасына 200 -дей нанды аудан кәсіпкерлері сатып алады екен.

Өз кезегінде аудан басшысы Гүлнар Әлмұратоваға әлеуметтік ұннан қолжетімді бағаға нан пісіруді ұсынды. Кәсіпкер ұсынысты қабылдаса, шикізатты жеткізіп беруге дайын екенін де айтты.

Өз кезегінде Гүлнар Әлмұратова бұл ұсынысқа тәжірибе ретінде бір қап әлеуметтік ұн алып нан пісіріп көретінін айтып, нақты жауапты кейін беретінін жеткізді.

Гүлнар Әлмұратовамен қатар мониторинг тобы Бибігүл Жұмағұлова мен Айсұлу Иманғалиеваның наубайханаларында болып, ұсынып отырған өнімдерімен танысып өтті.

Айтарлықтай, ауылдық округ бойынша тек Бибігүл Жұмағұлова қазіргі таңда жерлестерімізге әлеуметтік ұннан жасалған өнім ұсынып отыр. Сонымен қатар, жоғарғы сорттан жасалған нанды да 150 теңгеге ұсынып отыр екен. Бұл кәсіпкердің өндірісіне де сұраныс бар екенін “Нұр” дүкенінің сатушылары жарыса айтты.

-Күніне кем дегенде 160 бөлкі әлеуметтік ұннан жасалған нан шығады. Сол өнім түске дейін өтіп кетеді. Ал жоғарғы сортты ұннан жасалған нанды 150 теңгеге сатып отырмыз. Бұл нанның салмағы 600 гр-дай болады -дейді дүкен сатушысы.

Ал Айсұлу Иманғалиева күніне 100-ге жуық нан пісіретінін айтты. Бұл мөлшер тек жазғы кезде екенін айтқан кәсіпкер ағымдағы жылда аудандық колледж және аудандық ауруханамен келісімшартқа отырғанын мәлімдеді.

Кәсіпкердің айтуынша, күз мезгілінен бастап күніне 200- дей нан пісіріледі екен.

Еркебұлан Рахметолла,
Бөкей ордасы ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале