Нәсіпқали Қайырқомовтың есімін ауыл шаруашылығы саласын өркендетудегі абыройлы еңбегін атырабымызда білмейтін жан кемде-кем.
Ақжайық ауданының Алғабас ауылдық округінде шаруашылығын өрістетіп, әлі күнге ат үстінен түспеген атпал азаматтың еңбекқорлығы, өнеге жолы бүгінгі ұрпаққа зор үлгі.
Ардақты ағаның қызметі жоғары бағаланып, ол күні кеше «Батыс Қазақстан облысының Құрметті ардагері» атанды. Сүйінші хабарды еңбеккерге облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген жеткізіп, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары жиналған басқосуда оның өңіріне төсбелгіні тағып, алғысхатпен марапаттады.
Мақсот Берген осы жиында ауданда ұрпақ сабақтастығын қалыптастыру, ардагерлерге жасалып жатқан қамқорлыққа ризашылығын білдірді. Сонымен қатар ол облыстағы ардагерлер кеңесінің жұмысын таныстырып, алдағы жылға межеленген міндеттерді айқындап берді.
Ақжайық ауданы әкімдігі мен аудандық ардагерлер кеңесінің қоян-қолтық байланысының арқасында мүмкін болған ілгері істерге жоғары баға беріп, аудан әкіміне алғысын арнады.
Әлия Шарапиева
Ақжайық ауданы