21.03.2022, 21:05
Оқылды: 86

Наурыз қоржын тарту етті

21 наурыз күні аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова бастаған делегация ауданымыздағы бірқатар еңбек ардагерлерін Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесімен құттықтады. Олар еңбек ардагерлері, ақ жаулықты көп балалы аналар Талшын Бермағамбетова, Мәрия Ғұмарова, Аққаным Маметова, Бақытжамал Жұмағалиева, Сәбира Хамзина, Роза Ақжанова, Гүлжамал Ертаеваның шаңырағында болып, мерекелік ән-шашу мен «Наурыз қоржын» сыйға тартты.

IMG-20220321-WA0149
Құрамында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айша Әбішева, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Күнсұлу Шаканаева, аудандық мәдениет үйінің ұжымы бар құттықтаушылар тобы қазақ әндерін әуелетіп, жылы лебіздерін білдіріп, үлкендердің батасын алды.Сонымен қатар, ұлттық құндылықтарымыз жаңғырып, «Наурыз көже» құйылып, Қыдыр атаның «Наурыз батасы» берілді. Делегация әр шаңыраққа темір тұлпармен емес, қазақтың көлігі болған жеккі атқа жегілген арбаменен барды. Тек «Наурыз қоржын» иелеріне ғана емес, ауыл жұртшылығын да халық әндерімен сусындатты.
- Наурыз қазақтың ұлттық мейрамы. Осынау ұлық мерекеде ізгілік көрсетіп, сәлем бере келген ауданымыздың басшылығына, аудан мәдениетінің дамуына үлес қосып жүрген жандарға ризашылығымды білдіремін. Үлкенге құрмет көрсету қазақтың әдет-ғұрыптарының бірі. Сонымен қатар, шаңырағымызда «Наурыз батаның» айтылуының да өзіндік символдық мәні бар. Барша аудан жұртшылығын әз-Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Ұлыс оң болып, ақ мол болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай, - деп ақ батасын берді Бақытжамал анамыз.

IMG-20220321-WA0148
Жалпы ауданымызда «Наурыз қоржын» үлестіру жылдағы дәстүрге айналды. Ізгі шараны аудан тұрғындары да құп көріп, ризашылықтарын білдіруде.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы, 

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале