3.06.2024, 11:45
Оқылды: 113

Не ексең соны орасың: балаға айқаймен түсіндіре алмайсың

Ұрпақ тәрбиесіндегі қажетті қағидалардың бірі, бұл – балаға мейілінше уақыт бөлу, оның «адам» деген атқа сай етіп өсуі үшін барлық жағдайды жасау. Сол себепті тәрбиелі, білімді, саналы ұрпақ ретінде  өсіріп, жетілдіру үшін қаншалықты  мейірім, төзімділік, оған қоса білім де қажет деп айтып жүрміз. Балаға ең алдымен отбасында, балабақшада, тәрбиенің мәйегі егіледі. Мектеп, жоғарғы оқу орнында жалғасады.

670825F9-40D9-4259-B434-C4A6A7CE2EA2

Фото dailyfamilynews.livejournal.com

Адам болып қалыптасқанша  бірнеше орта жұмыстанады. Әсіресе мектеп қабырғасындағы тәрбиелік  жоспарлы жұмыстардың орны бөлек. Қазіргі таңда мектептердегі оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беру үшін тіпті олардың ата-аналарымен де жұмыстану бағытында арнайы бағдарламалар, жобалар алынып, оның нәтижелері де өз жемісін бере бастады.

Мысалы оқушының ата-анасын бұрынғы кезеңдерде тек қана жиналыстарда ғана бір көретін болсақ,  қазіргі таңда қажеттілігіне орай  әр тоқсан сайын  топ-топқа бөліп ата-аналармен де жұмыстану біздің мектептермен бала-бақшаларда ерекше үрдіс алған.

«Бөбекжайымызға келетін әрбір ата-анамен біз үнемі тығыз байланыста боламыз. Себебі таңертеңмен бізге келетін әрбір тәрбиеленушінің мінез-құлқындағы өзгеріс біз үшін өте маңызды. Бала бойындағы стресс оның тіпті болашақтағы өміріне де қолтаңбасын қалдырып отырады.

Балалардың балалық шағы бақытты болуы үшін  ең алдымен оның әкесі, шешесі жауапты екендігін айтып отырамыз, ата-анаға түсіндіреміз», дейді «Болашақ» бөбекжайының меңгерушісі Ләйлә Нұрсейітова.

Ал мектепке баратын оқушылардың  жағдайлары мүлдем басқа. Әсіресе, бастауыш сыныптың бағдарламасы тек қана балаға емес тіпті ата-анаға да кей жағдайда қиын соғып отырғаны аян. Кешке жұмыстан шаршап келіп, баланың сабағына отыратын аналардың, «Мен үйге демалуға келдім» деп желеу айтып, сабаққа көмек ете алмайтын әкелердің де айтары көп.

«Сондай кезде қосымша сабаққа келетін балалардың  әр түрлілігі мені таң қалдырады», - дейді төменгі сынып оқушыларының қосымша сабақ курсын жүргізуші әрі аудандық аналар кеңесінің төрайымы Кітабия Абдуғазиева.

Айтып отырса, білімге  деген ынтасы зор балалар бар екен, бірақ ата-аналар тарапының үнемі қолдап, үйретіп отыратын уақыты жоқ. Бұған кереғар жәйт – енді бір балалардың оқуға деген қызығушылығы мүлдем жоғалғандары да бар. Себебі үйден тек қана айқаймен оқытып, енді қалай сабақ түсіндіруді білмей қиналып жүрген аналар да бар деседі білім саласының үздігі, көп жылдық ұстаздық өтілі бар педагог-ана.

Сондықтан да ең алдымен ата-аналар да балаға сабақты үйрете алатындай, көмек бере алатындай дәрежеде болуы тиіс. Өздері өз беттерінше білімдерін жетілдіріп, өздерін жан-жақты дамытуға тырысса, нұр үстіне нұр. Бұл олардың үй жағдайында сабағына көмек бере алуына және оқу процессіндегі кейбір пәндерді түсініп, оны баласына түсіндіре алуына да игі әсер етпек. Бес саусақ бірдей емес, барлық ата-ананың білім деңгейі әртүрлі екендігін еске алсақ, олардың да ұстазға деген қояр сұрақтары, білсем деген қызығушылығы артып отырады екен. Әсіресе төменгі сынып оқушыларының сабағына ата- ананың көмегі қажет-ақ.

Осы жерде бір мәселені айтпай кетуге және болмайды. Ол қазіргі ата-ананың сабаққа ынтасы жоқ баласына айқаймен түсіндіріп жатқаны. Біле білген кісіге, балаға айтылған әрбір қатты сөздің зияны көп. Мысалы, «Сен ешқашан түсінбейсің!», «Сен топассың!» «Миын қайда кеткен, «Айтқанды ұқпайтын қандай кещесің?» немесе «Сабақ оқи алмасаң, мен сені мал бағуға жіберем!», «Сабағыңды дұрыстамасаң ата-әжеңе бармайсың», «Көршінің баласын қарашы!» деген сөздермен жас жүректерін шошытып, стресске түсіріп немесе желкесінен түйіп, бетінен шапалақ беретін жағдайлар көпшілікке таныс көрініс.

Осындайда «Неге сен ұстаздың жазғанындай жазбадың?», «Есепті неге апайың айтқанда тезірек жазып алмадың?» деген сұрақтарды айқаймен бірге қойып жатқаны. Әрине, баланың жазуын 20 жыл оқыған ұстаздың жазуымен салыстырып, оны үлгі етуге мүлде болмайды. Себебі, осындай көркем жазу үшін, балалардың әр дәптеріне мөлдіреген жазумен тиісті бағасын  қоюы үшін ол мұғалімнің ең алдымен  орта мектепте 11 жыл, соңынан  бес жыл  институт немесе одан азырақ колледж қабырғасында білім алғандығын еш ұмытпауымыз керек. Кейде небір бала ата-анаға  өзінің  сұрағында қойып жатады. Мысалы, «Мен неге мұғалім құсап жаза алмаймын?». Әрине, кез келген ата-ана осындай сұраққа  бір сөзбен жауап бере алатынына шүбәміз бар.

Мектеп психологтарының ескертуінше, ата-анасынан айқайды жиі еститін бала өзін қоғамда  төмен санайды, не болса содан қысылып, сөйлесе де, қозғалса да үргелектеп, қысылып тұрады.

Дүкеннен  зат аларда да «Сатып алсам ба екен, әлде анам ұрса ма, әкем ұра ма?» деген уайымға ұрынады. Өзге балаларға деген қызғаныш сезімі пайда болып, оларға ұрыспайды, демек өзім нашармын деген төменшіктеу бағалау сезімін үнемі миында ұстайды. Тіпті кейде отбасына деген жеккөрушілік болуы да ғажап емес. Сол себепті ойнағанда, құрбыларымен сөйлескенде еркін араласа алмай, бүгежек, ұялшақ, кірпияз болып тұрады.

Айқаймен сабақ оқыған бала үнемі өзін басқа ортада елестетеді. Басқа жерге барсам, басқа үйде тұрсам деген армандары болады. Ата-анасына деген сенбестік, соған қоса сабаққа, спортқаеңбекке деген ынтасы жоғалып, үнемі ынжықтанып, көңіл-күйін көтере алмайды.

Мұндай балалар мақтау күтіп, ал мақтау естісе қуанып, төбесі көкке жететіндей күйде қалады.  Сол себепті балаға айқайламауға тырысу қажет.

Елімізде балалар құқығының қатаңдағанын ұмытпайық. Ештеңені айқаймен түсіндіруге болмайды деп дабыл қағады психолог мамандар. Жас кезінен айқай естіген баланың миы, ақыл-ойы  кенжелеп дамиды екен. Сонымен бірге көп айқай естіген бала ата-ананың айтқанын бара-бара мүлде естімейтіндей, естісе де түсінбейтіндей жағдайға жетеді-мыс. Тағы бір кемшін тұсы – айқай естіп өсен бала ата-анасының осы бір қателігін өзі де қайталап, отбасы болғанда ол да  баласына тек қана айқаймен түсіндіруді  еркісізден-еріксіз қабылдайды екен. Үйде айқайды жиі еститін баланың сабағы нашар, жаңа тақырыпты қабылдау қабілеті өте төмендеп әрі жасық, өзінің ойын айта алмайтын, жеткізе білмейтін, ешкіммен дұрыс араласа алмайтын  болмақ. Тұтығып сөйлейтін немесе тіптен сөйлей алмайтын жағдайға жетеді екен.

Сөз соңында айтпағымыз, балаңызға кішкене кезінен айқайлап сөйлейтін болсаңыз, қартайған шағыңызда ол да сізге айқайлап сөйлейтіндей болмасына кім кепіл? Демек, балаларға құрметпен қарасақ, олардың да, ата-ананың да өмірі нұрлы, мейрімге толы болмақ.

Айсұлу Мұса

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале