Бұлан ауылдық округіне қарасты Жамбыл ауылының тұрғындарымен аудан әкімі Төлеген Төреғалиев, ауылдық округтің әкімі Мұрат Әділгереевтің емен-жарқын жүздесуі болды.
Тұрғындармен кездесу барысында мемлекет тарапынан қабылданған тың бағдарламалар талқыланды. Бірліктері мығым жамбылдықтар алдында округтің әкімі М.Әділгереев атқарылған жұмыстар, алдағы міндеттер туралы сөз етті. Мәселен, ауылдағы басты түйткілді жәйттің бірі мектепті жабылудан сақтап қалу - назарда тұрған іс.
Бұйыртса, биылғы жылы ауылға ауыз су тарту жұмысы толықтай аяқталады. Бұл жұмыс ырғағын “СМУ -ШЫҒЫС” ЖШС тыңғылықты атқаруда. Ал Жамбыл ауылындағы көшелерге электр шамдарын орнату таяу арада қолға алынады.
Кездесуде ауыл тұрғыны, зейнеткер Закария Кәрімов жастар тарапынан пилоттық жобаны қолдауға үн қосу құптарлық жағдай екендігін айтып, сәттілік тіледі. Сондай-ақ ол аудандық электр торабы ұжымының оңды жұмыстарына ризашылығын білдіріп, сала қызметкерлерінің еңбектеріне көңілдері тоқ екендігін айтты.
Тұрғындармен кездесу барысында аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы Саламат Иманғалиев, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Әділ Ахмет, аудандық электр торабының бас инженері Серікбол Мұқанов өз салалары бойынша басты міндеттерге тоқталды.
Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев кездесу барысында ауыл табиғатының жұмыстың әр саласын таңдап, атқаруға өте қолайлы аймақ екендігіне тоқталып, тұрғындардың “Ауыл аманаты” пилоттық жобасын батыл түрде қолдай білуге шақырды.
Бастысы мемлекет тарапынан беріліп отырған несиелік қаржының игілігін әркімнің көре білу қажеттігін аудан басшысы қадап айтты.
Аудан басшысы Мейрамбек Мамбедияров жетекшілік ететін “Берекет” шаруа қожалығының жұмысымен танысып, оңды бағасын берді. Сондай-ақ аудан әкімі Жамбылдағы білім ошағына да аялдап, ұстаздардың ой-пікірлерін білуге де уақытын бөлді.
Мүсірбек Әлібекұлы,
Сырым ауданы