"Nur Otan" партиясының үміткерлері ретінде парламент депутаттығына тіркелген облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар, М.Өтемісов атындағы БҚУ доценті Жаңабек Жақсығалиев, Ақжайық ауданы, Тайпақ ауылдық аурухана меңгерушісі Сəбира Өмірғалиқызы ауданымызға келген болатын.
Праймеризден сәтті өтіп, үміткер ретінде тіркелген жандар атбасын алдымен Қызылоба ауылына бұрып, мәдениет үйінде ауыл тұрғындарымен жүздесті. Өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, жиналған қауымның сұрақтарына жауап берді. Жұмыссыздық, ғаламтор желісінің нашарлығы, мал азығы мен жем шөбіне қатысты қойылған сұрақтарға нақты әрі тұшымды жауап берді.
- Мемлекетіміз белсенді түрде әрбір отбасына жаңа тұрғын үй құрылысын қолжетімді болуын қолдайды. Ауданда тұрғын үй кезегінде 394 адам, тұрғын үй салуға жер кезегінде 575 адам тұр.
«Nur Otan» Партиясы жанұя институтын нығайту, олардың материалдық тұрақтылығын қамтамасыз ету, тұрғын үй алуға жағдай жасауға бағытталған шаралар енгізеді.
Бұл үшін «Nur Otan» партиясының ықпалымен:
- 2021 жылы Жаңақала ауылындағы 21 пәтерлік 3 қабатты тұрғын үйдің құрылысын салу;
- 2021-2022 жылдары Жаңақала ауылында 2 пәтерлі 40 жалдамалы тұрғын үй құрылысын салу;
- 2021-2022 жылдары Жаңақала ауылының солтүстік бөлігінде жеке тұрғын үй салуға арналған 204 жер учаскесіне инженерлік-коммуникациялық желілерінің (газбен, сумен, электрмен жабдықтау құрылысы) құрылысын салу жұмыстары жүргізіледі.
- Аудан көлеміндегі апатты және тозығы жеткен үйлер мәселесі шешіледі, - деді облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар сөйлеген сөзінде.
Қызылоба ауылынан кейін «Nur Otan» партиясының үміткерлері "Қуан" сауда үйінде болып, сатушылармен және ауыл тұрғындарымен кездесті. «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Рухолла Саматов үміткерлерді одан кейін аудандық аурухана орталығына бастап барды. Аурухананың жай-күйімен танысқан «Nur Otan» партиясының үміткерлері аудандық аурухананың директоры Сержан Серікұлынан аудан жұртшылығының денсаулық жағдайын сұрады. Өз кезегінде С.Есенгубеков аудан халқының денсаулығы қалыпты, дәрі-дәрмектердің жеткілікті екенін тілге тиек етті.
Одан әрі үш кандидат аудан орталығында жұртшылықпен кездесу өткізіп, 5 жыл көлемінде атқарылатын жұмыстарға тоқталды.
Жаңабек Жақсығалиев руханиятқа және тарихқа қатысты кезек күттірмей істелетін шаруаларды жіпке тізіп, Қадыр ақын мен Есенғали шайырдың өлеңдерінен мысал келтірді. Ал Сәбира Сүндетова ауыл медицинасын көтеру жөніндегі сайлау алды бағдарламасын таныстырып, қолынан келгенше ауылдағы ағайынның денсаулық жағдайын атқарушы билікке жеткізетіндігін айтып өтті.
Түстен кейін жолға шыққан үміткерлер Жаңақазан ауылына арнайы барып, ондағы халықтың да жай-күйін білді. Көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап берді.
- Жол – аудан өмірінің басты күретамыры. Тұрғындар үшін барлық ауылдарда сапалы жолдар мен жақсы инфрақұрылым болуы тиіс. «Nur Otan» партиясы елді мекенішілік және аудандық маңыздағы автомобиль жолдарын жөндеу мәселесін одан әрі шешетін болады және аудан, ауылдар арасында қоғамдық көлік маршруттарын ұйымдастырады, - деді өз сөзінде облыстық мәслихат хатшысы М.Құлшар.
Шара соңында облыс әкімінің Жаңақала ауданы бойынша өкілі, облыстық коғамдық кеңестің төрағасы Ербол Ғұмарұлы үміткерлерге ақ жол тілеп, «Nur Otan» партиясын қолдап дауыс беруге шақырды.
Жанайдар Болатбекұлы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz