18.05.2020, 22:12
Оқылды: 46

Нұралыны қолдаушылар табылса, етікшілік өнері өрістері анық

Адам баласының тағдыры түрлі түсті жіппен тоқылған өрнек секілді. Кейде сол өрнектің жібі аяқ асты қара түске боялып, тағдыр жазуы тәлкекке салып, пендесін қиындықтарымен сынаққа салып жататыны бар. Бір адам мұндай қиындыққа аяқ асты болатын  жазатайым жазымдардың, ауру-сырқаулардың салдарынан тап болып жатса, енді бірі туабітті кемістіктердің салдарынан тап болып, мүгедек, болмаса, қазіргі  қоғам тілімен айтсақ, мүмкіндіктері шектеулі деген топқа жіктеліп жатады. Басқа түссе, адам-пенде тағдырдың кез келген сынына шыдайды, көнеді,  төзеді. Өзінің қабілетіне қарай тіршілігін жасайды, оған мүмкіндігі жоқтары Үкіметтің көмегіне арқа сүйейді. Дегенмен Үкіметке ғана қол жайып отыруды жөн көрмеген, мүгедекпін деп мұңаймай, ел қатарлы еңбек етіп жүрген жанның бірі - Нұралы Өтегенұлы Елеуов.

124BFC24-7DEA-406A-94D2-838525C36B6A

Ол дүниеге келе сала жарық жалғанның жақсы екенін, өткінші өмірдің тәтті екенін іштей бір сәт сезгенмен де, тіршіліктің ащы дәмі мен заһар уын қатар татты. Себебі Алланың маңдайына жазған тағдыры мұңды еді, зарлы еді. Басынан бұлт арылмады. Кейіпкеріміздің бақытты балалық шағы болса да, өзге балалардай еркін ойнап, күле алмады. Әркез жанары жасқа толатын. Ауыр күрсініп, налитын. Алайда жаратқан Алланың ісіне қарсы келмей, еңбекке ерте араласып, шуақты күндерден үміт үзбеді. Мектеп қабырғасында жүрген кезінде ол әркез қалың ойдың үстінде жүретін. «Қайтсем адам боламын?», «Қандай кәсіп түрімен айналысамын?», «Болашақта қоғамға нендей пайдамды тигіземін?» деген ойлар оны үнемі мазалайтын. Нұралы мүмкіндігі шектеулі болғанмен қол қусырып отыруды қаламайтын. Соның арқасында ол қазіргі кәсібінің кәнігі маманы болды.

0C02BB42-8D02-46CC-B1B4-0475F84E898A

Кейіпкеріміз етік тігуді алғаш рет нағашы ағасы, аудан тұрғындарына есімі таныс, етікші, марқұм Ұзақбай Өтешқалиевтен үйренген екен. Ұзақаң жиені Нұралыны жанына 12 жыл ерте жүріп, етік тігудің қыр-сырын меңгертеді. Кейін дүниеден озарда бүкіл құрал-сайманын, қажетті заттарын Нұралыға аманаттап кеткен екен. Міне, сол нағашысынан үйренген кәсіпті бүгінгі таңда Нұралы жалғастырып, уақытпен санаспай еңбек етуде. Оған біз шаңырағына барған сәтімізде өз көзімізбен куә болдық. Аядай бөлмеде етік тігіп отырған шынашақтай азаматты сөзге тартқан едік.

- Мен 1989 жылы Жаңақала ауылында дүниеге келдім. Осы ауылда оқыдым, ержеттім. Кейін Жаңақала колледжінде кәсіптік білім алдым. Жастайымнан өмірдің қиындығын көп көрдім. Бұл өмірге келгелі II топ мүгедегімін. Мүгедек деген сөздің өзі жаныма қатты батады. Арланамын. Қайтейін, қолымнан келер шара жоқ. Оның үстіне асқар тау әкемізден де ерте айырылдық. Әкемнің қазасы біздің шаңыраққа ауыр соққы болып тиді. Оның орны үңірейіп тұр. Әкем тірі болғанда шет елдерге апарып емдетер ме еді? Мүмкін, мен осы дертімнен жазылып, құлан-таза айығар ма едім. Кім білсін? Оның үстіне жақында жалғандағы жанашырымыз аяулы анамыз да о дүниелік сапарына аттанды. Бұл қайғы да біздің жанымызға қатты батты. Қазір үйде ағам екеуміз тұрамыз. Мен мүгедектігіме жәрдемақы аламын. Бірақ тек жәрдемақыны күтіп, қарап отырғым келмейді. Сондықтан да осы кәсіпті қолға алдым. Шүкір, жаман емес. Сұраныс бар. Күніне 3-4 етік тігемін. Айына 30-40 мыңдай пайда көремін. Бұл енді тек қыс айларында. Жазда кәсіп кішкене тоқтайды.

3E013354-550A-4201-9D3B-66A8376D61F0

Адам баласы болған соң адамның арман-тілегі болады. Болашақта орталық базардың айналасынан арнайы орын тауып, кәсібімнің аясын кеңейткім келеді. Заманауи станоктар алсам ба деп ойлаймын. Ол енді алдағы күннің еншісіндегі шаруа ғой. Қазір оған «қысқа жіп күрмеуге келмейді» демекші, қаржы жағы қолбайлау болып тұр,-дейді ол. Иә, етікші болу – еріккеннің ермегі емес. Етікшілік – екінің бірі қолы бара бермейтін кәсіп түрі. Бұл да шеберлік пен аса ыждаһаттылықты қажет етеді. «Әлің барда еңбек ет, еңкейгенде емерсің» демекші, бірді екі етіп, қолда бар құрал-жабдығымен кәсібінен нәсіп тауып отырған он саусағынан өнер тамған Нұралыдай азаматты көрсеңіз жүрегіңіз жылиды. Таң шапағымен таласа тұрып, біз бен тебенді жанына серік қылатын етікшінің еңбегі нағыз еңбек қой. Нұралы мүмкіндігі шектеулі болса да жігері жасымай, қолынан келген бар мүмкіндігін пайдалануда. Ал біреулері он екі мүшесі сау бола тұра қызметке құлықсыз, істен көрі сөзге шебер, жалқау әрі кәс болып жүр. Мұндайлар Нұралыдай нар азаматтан үлгі алуға болатынын біле ме екен? Әй, қайдам!

Түйін. Бүгінде қоғам мүмкіндігі шектеулі азаматтарды мейлінше мұңайтпаудың, олардың да өзгелермен тең дәрежеде, өзін қоршаған ортада кедергісіз өмір  сүрулеріне қажетті жағдайларды жасауға тырысып-ақ жатыр.  Осыдан он жыл бұрынғы кезеңмен  салыстырғанда мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалып отырған қазіргі әлеуметтік қамқорлықтардың жер мен көктей айырмашылықтары бар. Осы орайда жоғарыдағы мақаланы толық оқып, түсінсеңіз Нұралы Елеуовке қолдау-көмектің қажет екені көрініп тұр. Үлкен базар, сауда-саттық орындарының қожайындары етікшіні де елеп-ескеріп шағын бір бөлме беріп, көмек етсе, қажетті құрал-саймандарын алып берсе, сауапты іс болмай ма? Ал аудандық әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту бөлімі, аудандық кәсіпкерлік палатасы және басқалары жеңіл пайызбен несие алу жағын реттесе артық етпесі анық.  Өйткені қазақта «болам деген баланың, бетін қақпа белін бу» деген нақыл бар. Талпынып тұрған Нұралыға да жан-жақты кеңес беріп, қолұшын созып, қолтығынан сүйеп жіберсек, нұр үстіне нұр болар еді, ағайын.

Алтынбек Ермекқалиев,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале