Бүгін Теректі ауданының Подстепный ауылына Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров және комиссия мүшесі Шавхат Өтемісов келді.
Сапар аясында аудандық аумақтық референдум және учаскелік комиссия мүшелерімен кездесті. Еліміз үшін маңызды саяси науқан, яғни 6-қазанда өтетін республикалық референдумның маңыздылығына тоқталып, оны ұйымдастырудағы кейбір өзгерістер туралы айтты.
Жалпы Теректі ауданында 1 аудандық аумақтық және 40 учаскелік референдум комиссиясы бар. Аудандық аумақтық референдум комиссиясы құрамында 7, учаскелік референдум комиссиясы құрамында 224 адам бар.
Комиссия мүшелерімен кездесу барысында референдум науқанына дайындығы және референдум кезінде барлық шараларды Заң аясында атқару қажеттігі ескертілді.
Нұрлан Мәжитұлына аудандық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Арсен Бисенғалиев учаскелер орналасқан жерлер бойынша мағлұмат берді. Жылыту жүйесіне, коммуникациялық желілерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалған жағдайға келгенде еш шағым жоқтығын жеткізді.
- Бүгінгі күнге 40 референдум учаскесінің (білім беру-21, мәдениет және спорт-16, денсаулық сақтау мекемесі-3) барлығында бейімдеу жұмыстары толықтай жүргізілді. 40 учаске бірінші қабатта орналасқан. Барлығы қолжетімдік картасына енгізілді,- деді Арсен Бақытжанұлы.
№360 учаскелік референдум комиссиясының төрайымы Ақжүніс Шушаева да аталған учаскеде халықтың дауыс беруіне барынша жағдай жасалынғанын айтты.
Тасқын кезінде учаскелерге су кіріп, кірмегенін сұраған Нұрлан Әбдіров бұл істе мұқият болу керектігін ескертті. Кейін аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова табиғи апатта тұрғын үйлерін су басып, жақында құрылысы мәреге жетіп, жаңа қонысқа кірген жұртшылықтың үйлерін көрсетті.
Мән-жайға қанық болу үшін жақында жаңа баспана кілтін алған Лаура Нысанованың үйіне аялдады. Үй иесімен пікір алмасып, құрылыстың сапалы аяқталғанына көз жеткізді.
Содан соң Нұрлан Мәжитұлы №384 учаскесінің сапасын көруді жөн санады. Төрайымы Гүлайым Ишанғалиева учаскеде әр сайлаудың жоғары деңгейде өтіп жүргенін баяндады.
- Шілде айында қолданыстағы ҚР референдум туралы Конституциялық заңына бірқатар өзгеріс енгізілді. Жұмысымыздың негізгі бағыты – сол өзгерістермен әріптестерімізді таныстырып, учаскелердің сапасын бақылау. Алдағы маңызы зор референдумға дайындық жұмыстары нақты осы қолданыстағы заң шеңберінің аясында болуы керек,- деп өз сөзін түйіндеді Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Ақтілек Әлібекұлы,
Теректі ауданы