Сырымдық Нұрсұлтан Зайзағалиев биыл дзюдодан жастар арасында өткен Еуропа Кубогында екі рет жүлдегер атанып үлгерген еді. Грекия мен Польшада ұстатпаған жүлде кеше қолға түсті. Нұрсұлтан Австрияда өткен Еуропа Кубогында 66 келі салмақ дәрежесі бойынша чемпион атанды. Финалдық кездесуде ол жапон балуаны Гакуто Митсуокадан басым түсті.
Бұл туралы БҚО олимпиада резервтерін дайындау орталығы жазды:
-Австрияның Грац қаласында өтіп жатқан дзюдодан жастар арасындағы Еуропа кубогінде орталықтың спортшысы Зайзағалиев Нұрсұлтан қарсылас шақ келтірмей жеңістің биік тұғырынан көрінді - деп сүйінші сұрады Zko. Cpor парақшасы.
Балуан туған жері Жымпитыға келіп, өзі түлеген Сырым аудандық балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінің шәкірттерімен болған кездесуде "Алла қаласа, Олимпиада чемпионы болуға уәде берем. Ол үшін менде барлық мүмкіндік бар!" - деген еді. Нұрсұлтан сол арманына жақындап келеді.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz