Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында Шыңғырлау ауданында дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешенінің ашылу салтанаты болған еді. Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Ғали Есқалиев жергілікті халықты еліміздің басты мерекесімен құттықтап, жаңа спорт алаңына сыйымдылығы 17 орындық су жаңа «HYUNDAI» автокөлігінің кілтін табыс етті.
Жаңа заман талабына сай бой көтерген спорт ғимаратының жалпы көлемі 2534 шаршы метр болатын нысанның бірінші қабатында әртүрлі спорттық ойындарға арналған үлкен-үлкен залдар (баскетбол, волейбол, шағын футбол), бокс залы, жекпе-жек өткізуге арналған зал, дәмхана, ал екінші қабатында күрес залы, ерлер мен әйелдер жаттығу бөлмелері және әр залға арналған жуынатын бөлмелері, көрермендерге арналған орындар бар.
Жаңа нысанға жаңа көлік қалтқысыз еңбек етіп, өңірімізден шыққан көптеген спортшыларды түрлі спорттық жарыстарға жеткізуге септігін тигізе берсін!
Аман Ізмұхан,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz