Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылдың 3 наурыздағы №826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын іске асыру мақсатында барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы, соның ішінде аудан әкімі тоқсан сайын халықпен көшпелі кездесулер өткізіп, аймақтың проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндіріп беру белгіленген болатын. Жаңақала ауданының әкімі Дархан Закариннің есепті кездесуі аудандық мәдениет үйінде өтті.
Облыс әкімі Ғали Есқалиев қатысқан жиында ауданның даму деңгейі, алдағы тұрған келелі мәселелер, атқарылар ауқымды жұмыстар легі сөз болды. Аудан әкімі Дархан Әмірханұлы денсаулық жағдайына байланысты баяндамасын орынбасары Асқар Мұхамбетжановтың оқитынын жеткізді.
- Құрметті Ғали Нәжімеденұлы! Аудан тұрғындары және кездесуге қатысушылар! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының ағымдағы жылдың 16 наурызындағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында «Біздің мұратымыз – Жаңа Қазақстанды құру» деген болатын. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін қоғам мен билік арасында диалог орнатудың маңызы зор. 2021 жылғы есепті кездесулердегі аудан тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін іске асыру бойынша аудандық іс-шаралар жоспары дайындалып, жоспар тұрғындар көтерген 61 ұсыныс-пікірден жасақталды. Күні бүгінге 34 ұсыныс-пікір орындалып, 27 ұсыныс орындалу барысында, – деді аудан әкімінің орынбасары А.Жомартұлы. Одан әрі аудан көлемінде орындалған шаруалар мен атқарылуы тиіс істерді атады.
Одан әрі облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы сөз алып, Жаңақала ауданының даму қарқыны жөнінде айтып өтті.
- Құрметті жаңақалалықтар! Өздеріңізге белгілі соңғы 2 жылда тұрғындармен кездесу өткен жоқ. Оның басты себебі қауіпті дерттің асқынуы, пандемияның белең алуы. Әкімдердің есеп беруі жаңа форматқа көшті. Оны өздеріңіз де көріп отырсыздар. Жаңақала ауданы облысымызда маңызы бар іргелі аудандардың бірі. Әр ауданға сай жетістігі де, кемшін тұстары да бар. Үш-төрт айдан кейін тағы да кездесуге келеміз. Бүгін жауабы табылмаған сұрақтардың шешімін сол кезде айтатын боламыз. Еліміздің дамуы үшін әрқайсымыз білек сыбана іске кірісуіміз қажет. Мемлекет алдында әрқайсымыздың үлкен жауапкершілігіміз бар, осыны ұмытпайық, - деді облыс әкімі Ғ.Есқалиев.
Есепті кездесу сұрақ-жауап форматына көшіп, тұрғындардың сауалдары мен ұсыныс-пікірлері тыңдалды. ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын Закария Сисенғали ауданаралық сауықтыру-оңалту орталығына «Жансая» деген атауды беру туралы және С.Меңдешев есімін Жаңақала колледжіне беру жөнінде ұсынысын білдірді. Нәсіпқали Ахметов Кіші Айдархан елді мекеніндегі ауыз су мәселесін көтерсе, Зулфия Қарашева мемлекеттік балабақшадағы жылу жағдайының мәз еместігін жеткізді. Аудандық мәслихат депутаты Айымгүл Мүбәракова С.Меңдешев ауылдық округінің кірме жолына қатқыл табанды жол төсеу кезек күттірмейтін жұмыс екендігін атап өтті. Шаһидолла Әбуғали аудан көлеміндегі электр бағаналарының өте ескі екендігін, жауапты мекеме соларды ауыстырса деген базынасын айтты.
Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға тиісті мекеме басшылары мен аудан әкімі Д.Закарин және облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы өз кезегінде жауап берді.
Жанайдар Болатбекұлы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz