28.05.2019, 11:39
Оқылды: 25

Облыс әкімінің орынбасары бөрліліктермен кездесті

Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов Бөрлі ауданындағы әлеуметтік маңызы бар нысандардың жұмыс барысымен танысып, тұрғындарды қабылдады.

 borli (2)

         Алдымен 4 мыңнан аса халқы бар Бөрлі ауылына ат басын бұрған Ғабидолла Абдоллаұлы ауыл тұрғындарының түрлі шағымдарын тыңдады. Қабылдауға келген тұрғындардың басым көпшілігі ауылішілік, оның ішінде Чапаев, Садовая көшелеріндегі жолдың жөнделуі мазалады. Республикалық «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасына енген қос көшеге жобалау сметалық құжаттама дайын. Құжаттар сараптамадан өтсе, ел қазынасынан қаражат сұралады.

         -Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың біздің өңірге жасаған сапарында бізге екі бірдей мәселе жүктеді. Оның біріншісі ауыз сумен қамтамасыз ету болса, келесісі ауылішілік жолдарды салу. Соңғысына сонымен бірге ауданаралық, облысаралық және республикалық жолдарды жөндеуде кіреді. Әр тұрғын өзінің көшесінде жолдардың жасалып жатқандығын сезіну қажет. Сіздің ауылдағы қос көшенің жолы жөнделсе, бұл жол ауылдағы бірнеше тұрмыстық әлеуметтік мәселені шешуге мүмкіндік береді, - деді Ғабидолла Абдоллаұлы.

         1973 жылы салынып, пайдалануға берілген ауылдық амбулатория да тозып тұр. Есік-терезелері ауыстыруды қажет етеді. Жедел жәрдем көлігін қоятын гараж да жоқ. Бұл да қабылдауға келген тұрғындардың шағымы. Айтылған мәселені өз көзімен көрген облыс басшысының орынбасары, денсаулық сақтау басқармасымен бірігіп, мәселенің оңтайлы шешілуіне күш салатынын жеткізді.

         Ғабидолла Оспанқұлов Бөрлі ауылдық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына да бас сұқты. 2011 жылы ашылған орталық өткен жылы жаңа ғимаратқа көшірілді. 50 орынға арналған орталықта барлық жағдай жасалған. Ата-әжелердің жағдайымен танысқан Ғабидолла Оспанқұлов көздері нашар көретін қамқорланушыларға арнайы кітаптар алу керектігін тапсырды.

         Облыс басшысының орынбасары Ақсай қаласында өңір дамуына үлес қосып жүрген азаматтармен кездесті. Жайдарлы, жарқын кездесуде өңірдің әлеуметтік, экономикалық жағдайы айтылды. Кездесу барысында бір топ азамат облыс басшысы Алтай Көлгіновтің алғыс хатымен марапатталды. Оның ішінде саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған ұлағатты ұстаздар, ақ халатты абзал жандардар, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында демеушілік танытқан меценаттар, қоғам белсенділері мен спорт жанашырлары, кәсібін дөңгелетіп отырғын кәсіпкердер де болды.

Айым Нұрғалиева,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале