Казталов ауданы әкімдігінің мәжіліс залында Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтің төрағалығымен Казталов ауданында «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылу барысы туралы кеңес өтті.
Кеңес жұмысына Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов, Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин, «Aqjaiyq» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Ержан Досмақов, аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, округ әкімдері қатысты.
Кеңесті жүргізген Қалияр Шадиярұлы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының өткен жылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты жаңа Жолдауына тоқталып, өңірімізде осы Жолдаудан туындайтын міндеттерді іске асыру бағытында кешенді жұмыстары туралы айтты. Әсіресе, мемлекет басшысы тарапынан өткен жылдың қорытындысымен өңірімізде «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы республика деңгейінде алдыңғы қатардан орын алып, атқарылып жатырған жұмыстарымызға оң баға берілген болатынын жеткізді.
Кеңестің күн тәртібінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде ауыл халқының табысын арттыру бойынша жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды талқыланды.
Өңіріміз бойынша жобаның жүзеге асуы туралы облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин баяндап, бағдарламаның орындалуы барысында кетіп жатқан кемшіліктер мен жетістіктерге тоқталды. Жиында микрокредиттеудің мақсаттылығына мониторинг жүргізетін, бағдарлама шеңберіндегі сенім білдірілген өкіл «Aqjaiyq» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы АҚ басқарма төрағасы Ержан Досмақовқа сөз беріліп, ол өз тарапынан бағдарлама арқылы несие беру тәртібіне енге өзгерістер туралы хабарлады.
Сондай-ақ кеңесте Казталов ауданының әкімі Асланбек Ахметоллаұлы аталмыш бағдарлама аясында ауданда атқарылып жатырған жұмыстар барысын баяндап берді.
Кеңесте «Ауыл аманаты» бағдарламасына өңірде оң көзқарасты қалыптастыру мақсатында халықтың назарына жеткізу, несие алып, ісіне кіріскен жеке кәсіпкерлер жобалары мен ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жұмыстарын насихаттау, жұмыстарын жандандыру, барлық аудан, ауыл әкімдері бағдарламаның орындалуын және бөлінген бюджеттік кредиттің мақсатты жұмсалуын қатаң бақылауға алу туралы нақты тапсырмалар жүктелді. Кеңес қорытындысы бойынша арнайы хаттама толтырылды.
Нұр Рахман,
Казталов ауданы