Жәнібек ауданына жұмыс сапарымен облыс әкімінің орынбасары Мирас Мүлкай мен облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұркен Молдашев келді.
Облыс бойынша құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, энергетика, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау саласы, абаттандыру мәселелеріне жетекшілік ететін Мирас Рүстемұлы бірден республикалық маңызы бар 158-165 шақырым жолдың жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан учаске бастығы Әліби Сапаровпен кездесті. Аудан әкімі Тимур Шиниязов: «Аталған учаске көптен бері мәселе болып, тұрғындардың алаңдаушылығын тудыруда. Жеті шақырым жол үш жылдан бері жөнделіп келеді», - деп баса айтты.

Естеріңізде болса, жол құрылысын мердігер «Бекет Сат Жол» ЖШС жүргізіп жатса, тапсырыс беруші «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ. 2024 жылдың 19 қарашасында аудандық газет редакциясы газеттің әлеуметтік желідегі парақшасына «Асфальт төселіп, жол қатынасы болады» деген ақпарат жариялады. Аудан басшысы мердігер компанияның директорымен кездесіп, нақты шешімге келген болатын. Яғни сол уақытта: «Жол жабыны дайындалады. Шекарадан Жәнібек ауылына дейінгі аралық асфальтталып, жол қатынасы болады», - деп уәде бергені бар. Алайда жұмыс қарқыны өте баяу.
Бұны көрген Мирас Рүстемұлы учаске бастығына: «Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін жұмыс бітпесе, асфальт төселмесе, мәселе заң жүзінде шешілетін болады», - деп нақты айтты және айтылған датада Жәнібекке келіп, аяқталған жұмысты көзбен көріп кетемін деді.
Учаске бастығының айтуынша, қаражат та, құрылыс материалы да жеткілікті.
Сондай-ақ аудан басшысы Тимур Серікұлы облыстық, аудандық маңызы бар жолдардың құрылысы туралы баяндады. Аудан орталығында 41 көше болса, соның 63 пайызы асфальтталды. Қазіргі таңда шойын жолдың арғы бетіндегі екі көшенің жолына асфальт жабыны төселуде. Екі көшеге тротуар салынуда.
Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары аудан орталығында құрылысы жүріп жатқан кітапхананың ғимаратын көріп, мердігері «Символ» ЖШС басшысы Есқайыр Елемесовпен кездесті. Құрылысы 620 млн теңге тұратын ғимарат ағымдағы жылдың қарашасында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Жергілікті жерден 10 адам жұмысқа тартылған. Қазіргі таңда басты мәселе – қаржы.
Егер қаржы уақытында аударылса, Есқайыр Кафарұлы жұмысты қараша айына дейін аяқтауды көздеп отыр.
Әрмен қарай облыстан келген басшылар Жақсыбай ауылына жол тартты. Өздеріңізге мәлім, Жақсыбай ауылында мәдени-спорттық кекшеннің құрылысы жүріп жатыр. Аталған құрылыс нысанында мәселе жоқ. Жұмыс мерзімінен бұрын аяқталуы мүмкін.
Гүлзара Мәди,
Жәнібек ауданы