16.05.2026, 14:30
Оқылды: 6

Облыстық байқауда шыңғырлаулық Кенжетаевтар отбасы үздіктер қатарынан көрінді

Халықаралық отбасы күні қарсаңында және Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының 65 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Ақжайық өңірінің оқырман отбасы – 2026» облыстық байқауы өз мәресіне жетті. Аталған байқауда Шыңғырлау ауданының намысын қорғаған Амангелді ауылдық кітапханасының белсенді оқырмандары – Кенжетаевтар отбасы жүлделі ІІІ орынды иеленіп, зор жетістікке қол жеткізді.

image-15-05-26-10-28

Айта кетейік, Кенжетаевтар отбасы бұған дейін аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен өткен «Ақжайық өңірінің оқырман отбасы – 2026» аудандық байқауында үздік деп танылып, І орын алған болатын. Нәтижесінде облыстық кезеңге жолдама алып, өңірлік додада да өздерінің білімділігімен, ұйымшылдығымен және кітапқа деген ерекше сүйіспеншілігімен көзге түсті.

Бұл байқаудың басты мақсаты – отбасы құндылықтарын насихаттау, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және жасұрпақтың рухани дүниесін байыту. Осындай тағылымы мол шаралар арқылы отбасылық кітап оқу дәстүрі жанданып, кітапхананың қоғамдағы рөлі арта түсуде.

Аудандық орталық кітапхананың директоры Гүлмира Бердеғалиева өз сөзінде:

«Кенжетаевтар отбасының бұл жетістігі – тек бір әулеттің ғана емес, бүкіл ауданымыздың мерейі. Кітап оқуды отбасы құндылығына айналдырған жанұялар – өскелең ұрпаққа үлкен үлгі. Осындай байқаулар арқылы кітапқа деген қызығушылық артып, рухани мәдениетіміз нығая түседі. Кенжетаевтар отбасына алдағы уақытта да толағай табыстар тілейміз», – деп атап өтті.

Кенжетаевтар отбасының жеңісі – кітап пен білімге дегенқұрметтің, ұйымшылдық пен тәрбиенің жарқын көрінісі. Аудан абыройын асқақтатқан отбасы мүшелерін жеңістерімен құттықтап, алдағы уақытта да биік белестерден көріне беруіне тілектестік білдіреміз.

Светлана Ешматқызы

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале