Бүгін аудан орталығында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, «Рухани жаңғыру» бағдарлама мақаласы аясында және ауыл шаруашылығы күніне орай Ұлттық ат спорты түрлерінен облыстық турнирінің ашылу салтанаты өтті.
Аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және ауыл шаруашылығы күніне орай ұйымдастырылып отырған облыстық көкпардың ашылу салтанатымен құттықтап, спортшыларға сәттілік тілесе, ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ерболат Байбатыров жарыстың ережелеріне тоқталып өтті.
Екі күнге созылатын дүбірлі додада облысымыздың Орал, Теректі, Ақжайық аймақтарынан келген және өзіміздің шыңғырлаулық спорт сүйер қауымы өз өнерлерін көрсетуде.
Жалпы ауыл шаруашылығы күніне орай мерекелік шаралар екі күн өткізіледі, бірінші күні көкпар ойыны, екінші күні Дала қызықтарымен жалғасын табады. Атап айтқанда көкпар ойындарының финалдық кезеңі, аударыспақ, теңге ілу, бағана басынан сыйлықтарды алу, арқан тартыс, қой көтеру, бәйге жарысы өткізіледі.
Сондықтан, барша аудан тұрғындары мен қонақтарды спорттық ойындарға қатысуға, тамашалауға шақырамыз!
Аман Ізмұхан,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz