12.04.2023, 9:45
Оқылды: 36

Оксфордтан түлеп ұшқан

Жақында елге елеулі тұлға Құндыз Нупов 70 жасқа толды. Кім 70-ке толмай жатыр дерсіз?! Бірақ Құндыз Шамақұлының елге, облысымыз бен Бөрлі ауданына сіңірген еңбегі зор. Аудан, облыс тарихында қолтаңбасы сайрап жатыр. Сондықтан осындай елге елеулі тұлғаның мерейтойы кезінде тарихқа аз-кем шегініс жасап, елге тұтқа бола білген тұлғалар жайлы бүгінгінің  оқырманын таныстыра отырғанды жөн көрдік. Өйткені «біз өткенді ұмытсақ, ертең бізді де ұмытады» деген тәмсілді ешкім жоққа шығара қойған жоқ.

нупов

Әңгіменің әлқиссасын Қазақстан энциклопедиясынан бастайын. «Құндыз Шамақұлы Нупов көрші ресей елінің Саратов облысы, Майка кентінде туған. Әкесі Шамақ - Ұлы Отан соғысының ардагері, Рейхстагты алуға қатысқан. Анасы Райхан күміс алқа иегері. Жұбайы Мая екеуі екі қыз өсіріп, екі жиен тәрбиелеп отыр. Саратов политехникалық институтын, Алматы жоғары партия мектебін үздік бітірген. Оксфорд бизнес-колледжін халықаралық мұнайгаз бизнесі бағдарламасы бойынша бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты. Қазақ ақпараттық технологиялар және басқару институтының құрметті докторы.

Осылайша Құндыз Шамақұлының ерен еңбегі, қол жеткізген табысы, алғырлығы мен білімі арқасында шыққан биіктері, бір сөзбен айтқанда өнегелі өмірі санамаланып кете береді. Екінің бірі Қазақстан энциклопедициясына еніп жатқан жоқ. Демек, еткен еңбегінің жемісін бергені. Жасаған жұмысының нәтижелі болғаны да деген ойға келесіз. Бұл ойды азаматтың үзеңгілес достарының бірі, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген былай деп жалғайды:

«Нуповтар жанұясы 1973 жылы Қазақстанға көшіп келді. 1979 жылы институтты қызыл дипломмен бітіріп, сол кездегі одақтың жолдамасымен Орал қаласына жұмысқа келеді. Арада жылдар өткенде облыстың жаңа басшысы Нәжімеден Есқалиев жанып тұрған жас жігітті жаңдан ашылып, бүкіл дүние жүзіне белгілі бола бастаған Қарашығанақ кені бар, өндірісі қайнаған Бөрлі ауданына атқару комитетінің төрағалығына ұсынып, ол балама сайлауда жеңіп шықты. 1991 жылдан бастап жаңадан құрылған Қазахгазпром холдингінде жұмыс жасай бастады».

Без имени22

Міне, осы кезден бастап  Бөрлі ауданы тарихындағы Құндыз Нуповтың жарқын істері басталды. Қазақстан Республикасы энергетика, индустрия және сауда министрлігі мұнай және газ департаменті директорының орынбасары, «КАТЭК»  жобалау-зерттеу компаниясының президенті, «КазТрансгаз» акционердік қоғамының тәуелсіз директоры сияқты жоғары қызметтерді атқарса да біз үшін біздің ауданда жасаған жылдары қымбат. Аталған азаматтың ауданымыздың өткені мен бүгінін баяндайтын «Бөрлі жері» және «Орал қаласының тарихы» ақпараттық-интерактивті кітаптарының демеушісі болуы да көп нәрсені білдірсе керек. Қазір елден жырақ жүрген ердің елім деп қашанда еміреніп тұратынын осыдан ақ білуге болады. Біздің бұл пікірімізді кезінде Құндыз Нуповпен қызметтес болған,  ауданның қадірлі ақсақалы Садық Мырзағалиев ағамыз да растай түскендей.

«Мен Құндызбен іріптес болғанымды әркез мақтанышпен айтып жүремін. Иық тіресе жұмыс жасадық. Ол кезде Кеңес үкіметінің құрамында болғасын ба, әлде Нуповтар Ресейден көшіп келгесін бе, әйтеуір оны Вячеслав деп атайтынбыз. Құжатта атының Құндыз екенін кейін білдік қой. Одан бері де қанша уақыт өтті. Десе де менің есімде оның кішіпейілдігі, инабаттылығы қалып қойыпты. Үлкенді үлкендей, кішіні кішідей сыйлай білетін. «Ұлық болсаң, кішік бол» дегендей, қай уақытта да өзін қарапайым ұстайтын. Білімді, алғыр жігіт біраз басшы қызметінде жасады. Еңбегі еленіп те жатыр. Әйтсе де, адамгершілігімен ел жүрегінен орын алу екінің біріне бұйыра бермейтін бақыт».

Бүгінде «Құрмет» ордені, «Астана», «Халықтар достығы» (ЧКСР)  «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» және «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл», «Астанаға 20 жыл»,  «Қазақстан мұнайына 100 жыл»  мерейтойлық медалдеріне және көптеген награда мен атаққа ие Құндыз Шамақұлы туралы тұстастары осылай дейді.

Аудан, облыстың элеуметтік-экономикалық дамуына өлшеусіз үлесін қосқан жан әлі де ат үстінде. Бар білімі, жинаған тәжірибесімен кейінгі жастарға бөлісіп келеді. 2004-2010 жылдардағы Қазақстан Республикасы газ саласын дамыту бағдарламасы, Қазақстан Республикасы  мұнай химиясын дамытудың Бас жоспары, Батыс Қазақстан облысының 2015 жылға дейінгі даму стратегиясы, Қызылорда және Алматы қалаларының газификация бағдарламасы тағы басқа да  көптеген Мұнайгаз кешені бойынша бірқатар стратегиялық жоба әзірлеуші, біршама зерттеу жарияланымдарының авторы сол баяғы қарапайымдылығынан танбай «Біраз нәрсе жасадық қой. Бірақ сіздер мені тым асыра мақтап жібердіңіздер», - дейді халықпен бір кездесуінде.

Дариға Нұрашова,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале