10.03.2023, 10:01
Оқылды: 14

Оқушыға намаз оқуға бола ма?

ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы Самат Әлібаев Бәйтерек ауданында болып, жергілікті жастармен жүздескен кезде осы мәселе турасында сөз болды.

2c03cc81-d31f-4bf1-b60a-6637278854d0

Басқосуды ашқан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрғали Жолдасқалиев діннің қоғамдағы рөліне тоқталып, аудан орталығына жұмыс сапарымен келген өңіріміздің бас имамын жиналғандарға таныстырып өтті.

632793ac-4c88-4ea5-8184-c5ef82458fe3

Өз кезегінде сөз алған облысымыздың бас имамы ұлтымыздың сан ғасырдан сақталып келе жатқан дәстүрлі құныдылықтарының тәлім-тәрбиелік маңызына тоқталды. Ислами тәлім ізгілікке, мейірімге үндеу, жамандықтан тию екенін баса айтты. Қазіргі күні нашақорлық қанша жас өмірді құрытып, «ащы судың» әлегі мен құмар ойын талай отбасының ойранын шығарып жатқаны белгілі. Ал егер қоғамның діни сауатының негізін теолог, дінтанушы маман қаласа, бұл түйткіл түйінінің тарқауына негіз болары анық. Адал, иманды ұрпақ тәрбиелеу үшін ата-ананың өздері үлгі болуы керек.

«Көкейдегі сауалдарыңызды ортаға салып, бірге талқылайық» деген дін қызметкерлері бұл кездесу еркін форматта екенін жеткізді. Соған орай жастар тарапынан сұрақтар қойылды. Сондай сауалдың бірі - мектеп жасындағы оқушының намаз оқуы.

-Бұл - шешімі қиын сұрақ. Діни тараптан қарасақ балиғат жасына толған балаға намаз оқыма деп айта алмаймыз. Алайда, бұл діни фанатизмге ұласпауы керек. Сабақ үлгеріміне әсер етпеуі тиіс. Оқу кезінде мешітте жүруге болмайды. Дінді ұстанатын балаға ұрысудың, оны қоғамнан алшақтатудың қажеті жоқ. Баланы агрессияға итермеу керек. Мәселе – мәмілемен шешілгені абзал. Психолог, теолог, имамдар жұмыстанса оңтайлы жолы табылады, - деді өкіл имам.

eca91dff-95ac-43cb-9bdc-36a1d6288135

 Осы жерде айту керек, кездесуге қатысушыларды алаңдататыны – аталмыш мәселеде ата-анаға жауапкершіліктің жүктелмеуі. Кәмелетке толмаған бала қылмыс жасаса, әке-шеше жауап береді. Ал мұндай жағдайда ата-анаға жауапкершілік көзделмеген.

Кездесуде айлардың сұлтаны — Рамазан айына дайындық барысы да сөз болды. Қасиетті айда жүзеге асатын ізгі істер нақтыланып, тұрғындар уағыз-насихатқа ұйып, бірігіп сауапты амалдарды қолға алсақ деген ұсыныс-пікірлер айтылды.

Сәлім Мәмбеталиев,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале