8.08.2024, 12:15
Оқылды: 164

«Өлең десе, өртенеді өзегім» – Қазбек Өтешов

Поэзия! Менімен егіз бе едің?

Сен мені сезесің бе, неге іздедім?

Алауыртқан таңдардан сені іздедім,

Қарауытқан таулардан сені іздедім...

Ақын Мұқағали Мақатаев жырға қосқандай, адам баласы есейген шағында өзінің жүрегіне жақын, шын айналысқысы келетін ісі болады. Шынайы ұнататын ісімен шұғылданғанда ғана жаны жай тауып, ерекше сезімге бөленеді. Мақалама арқау болған кейіпкерім Қазбек Өтешов – поэзия десе, ішер асын жерге қоятын, өлең оқығанды жаны сүйетін азамат. Бала кезден ат құлағында ойнап өскен Қазбек – үйдің тұңғышы. Әлімсақтан «Малым – жанымның садағасы» дегенді құлаққа құйып өскен Қазбек Жандарбекұлы бүгінде атакәсіпті дамытып, сол арқылы кәсіп көзін тауып отыр. Болашақ ауылының тұрғыны Қазбек Өтешовпен телефон арқылы хабарласып, біраз әңгімелестік.

7E673CD3-D382-40B6-A00B-49CAB098F9BA

– Жылқы малын жан серігіне балап өскен қазақпыз ғой. Әкемнің ізін жалғау әрі ұлттық құндылықты насихаттау мақсатымен мал шаруашылығымен айналысып жүрмін. Әкем де, анам да қарапайым отбасынан шыққан еңбек адамдары. Отбасында үш ұл, екі қызбыз. Үйдің үлкені болғандықтан, шаруаны тындыру, іні-қарындастарыма қарайласу менің құзырымда. Жеке кәсіптен бөлек, поэзия оқығанды жаным сүйеді. Поэзия – адамның ой-қиялы жете бермейтін, қыранның қанаты талатындай асқақ әлемді танып-білу жолындағы қадам дер едім.

Поэзия – құдіретті күш. Өлеңді нақышына келтіре оқу, оны тыңдау арқылы жаныма қуат аламын. Былайша айтқанда, өлең десе, өртенеді өзегім. Жапан далада, айнала тыныштық орнағанда ат үстінде айқай салып өлең оқитыным бар. Жалпы, өлең оқуға деген қызығушылық, поэзияға деген махаббат қалай пайда болды деген сұрақ туындап жатады. 2021 жылдары Инстаграм желісінен поэзия оқитын блогерлерді көзім шалды. Жүрек түбіне жеткізіп оқитын блогерлердің өлең оқығанын тыңдап, Поэзия! Менімен егіз бе едің? Сен мені сезесің бе, неге іздедім? Алауыртқан таңдардан сені іздедім, Қарауытқан таулардан сені іздедім... ерекше таңырқандым. Сол әлемге еніп кеткендей күй кештім. Бірден өлеңдердің аудионұсқасын телефонға жүктеп алдым. Күнде тыңдап, құлаққа жатталған соң өзім де неге оқып көрмеске деген ой келді. Алғашында камерадан ұялып, тек жазбаны парақшама жүктеп отыратынмын. Уақыт өте келе желіде өзімнің кішігірім аудиториям қалыптасты.

Оқырмандарымның жазған пікірі де біршама әсер берді. «Дауысың жақсы», «Тоқтамай оқи бер», «Поэзия оқуды қолға ал» деген сынды құлаққа жағымды пікірлер жиі жазылды.

Оқырмандарымның қолдауы мен жылы лебізінің арқасында сүйікті ісімді қолға алып, өзіндік өнерім қалыптасты. Тіпті ауылда өтетін түрлі іс-шараға жерлестерімнен шақырту түсіп жатады. Өлең оқуға, поэзияға деген ерекше махаббат менің хоббиім болып қала бермек. Алдағы уақытта атакәсіпті одан әрі дамытып, мал санын көбейту жоспарда бар, – деді Қазбек Жандарбекұлы бізбен әңгімесінде.

DFC8218C-DAB6-4ADE-A978-19A8D4A9808D

Жас болса да білдей шаруа қожалығына жетекшілік етіп, оның жұмысын жүйелі жүргізіп келе жатқан іскер азамат Қазбектің еңбегі замандастарына үлгі деуге әбден лайық. Әкесіне қолғабыс жасап, ежелден біте қайнасқан атакәсіпті дамытуға атсалысқан Қазбек Жандарбекұлының қос кәсібіне сәттілік тілейміз. Өнерде жолың болсын, сері жігіт!

Әсем Болат

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале