4.04.2022, 17:40
Оқылды: 57

"Өлеңті биыл 4 метр 55 сантиметрге көтерілген"

Қар суы Сырым ауданы Жымпиты ауылының іргесіндегі Өлеңті өзенінің де «мейманасын» тасытып жіберді. Судың С. Сейфуллин көшесінің тұсындағы өткелден әп-сәтте «аттап кетіп», ескі арналардың «ауызы-мұрыны» толғанынан-ақ, халық 2000 жылдарды есіне алды. Өлеңті соңғы рет сол жылдары сілкініп, сол жылдары тасыған. 

IMG-20220404-WA0051

Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевтің айтуынша, Өлеңті өзені биыл 4 метр, 55 сантиметрге көтерілген. Бұл ақпаратты ауданның гидрологы Александр Белкин хабарлады.

IMG-20220404-WA0050

2 сәуір күні кеш қарая мұз сөгіліп, сең жүре бастады. Мұздар қалқып барып, аспалы көпірді соғып жатты. Жымпиты ауылдық округінің әкімі Мейрам Қайырғалиев пен әріптестері, жергілікті халық түнімен көпір басында жүріп, кептелген мұздарды өткізді. Өзендегі су деңгейін түсіру үшін сол күні түнде Қособа ауылдық округінің аумағындағы Өлеңті көлдетіп суару жүйесінің бас қақпасын ашуға тура келді.

IMG-20220404-WA0054

3 сәуір күні түстен кейін Сырым аудандық төтенше жағдайлар бөлімі өзенге моторлы қозғалтқышы бар қайық түсірді. Ондағы мақсат – іркілген, кептелген жерлерді ашу. Ал, Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев шаруашылық жетекшілерімен бірге Қособа ауылдық округіне, Өлеңті көлдетіп суару жүйесінің бас қақпасына қарай аттанды. Осы топтың құрамында газет қызметкерлері де болды.

IMG-20220404-WA0045

Көлтабандарды суаруға арналған жүйе өткен ғасырдың ортасында салынған. Тиімділігі ескеріліп, 2017 жылдары жаңғыртылды. Алты есікті бас қақпаға соғылған су әрі қарай көлдерге, шабындықтарға құяды. «Мүтір» шаруа қожалығының жетекшісі, аудандық мәслихат депутаты Жеңіс Шәпешовтың айтуынша, биыл Сарыбидай, Ишанкөл, Қаратай көлдерінің айдыны толық. Осы қарқын жоғалмаса, Аяқкөлге дейін су барады деген сенім бар. Қособа ауылдық округіндегі көлдіктерді жағалай 30-ға тарта шаруашылық орналасқан.

Өлеңті өзенінің деңгейі 3 сәуір күні күні 3,67 метрге дейін төмендеді. Қазір тасу қаупі жоқ. Осы секілді төтеншеліктер мен жергілікті билік Шолақаңқаты ауылдық округіндегі Аңқаты су қоймасының басына да кезекшілік ұйымдастыруда.

dav

Су – халықтың көп жылдан бері күткен «қонағы». Қазіргі уақытта өзендер, көлдер, сай – сала, жал – жыраның бәрі тіршілік нәрімен «сағынысып көрісіп» жатыр. Малға да, жанға да игілікті болғай!

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале