6.03.2024, 23:43
Оқылды: 24

Өлеңтінің мұзы жарылды: тасқынға тастүйінбіз бе?

Көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында Сырым ауданында өзен мұздары жасанды жолмен сөгілуде.

PHOTO-2024-03-06-18-05-02

Бүгін күндізгі сағат 11:30 шамасында Өлеңті өзенінің 2 бірдей нүктесі жарылғыштардың көмегімен қопарылды. Жарылыс жұмыстарын «ERA BVR» ЖШС мамандары жүргізді.

- Тасқынды болдырмау үшін ең алдымен өзен суын табиғи арнасына салуға тиіспіз. Қалқыған мұз иіндерге тұрып қалса, кептеліс пайда болады. Мұз қабатын жасанды жолмен сөгу үшін БҚО төтенше жағдайлар департаментіне сұраныс хат жолдадық.

- Бүгін Өлеңті өзенінің мұз кептетілуі мүмкін деген екі нүктесінде жарылыс жұмыстары жүргізілді. Жарылыс аумағы 800 шаршы метрді құрады.

Бұдан бөлек, Сырым аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен №14 өрт сөндіру бөлімшесінің мамандары өзен бойындағы тал мен қамыстарды шабуда. Себебі, мұзды тал мен қамыс ұстап қалса, су жайылып кетеді.

Әзірге 1200 шаршы метр жер тазартылды. Жұмыстар жалғасуда. Жергілікті атқарушы орган жұмыс күшімен, «Сырым» МКҚК техникалармен жәрдем беруде.

Мұздың астындағы ауа қысымын азайту үшін 300 дана ойық жасалды. – дейді жоспарды жұмыстары туралы баяндаған Сырым аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімнің бас маманы, азаматтық қорғау капитаны Мирас Нариманов.

PHOTO-2024-03-06-18-05-02 (1)

Төтеншеліктердің айтуынша, өзен мұзының қалыңдығы 1 метрге жуықтап тұр. Бүгінгі таңда ауданда су тасқыны кезінде қолданыс үшін 24 дана мотопомпа (оның 10 – ы жаңа), 20 000 дана қап, 175 тонна инертті материалдар дайын тұр. АИ-92 маркалы бензиннің 5 000 литрі, дизель отынының 6 000 литрі әзір.

2024 жылғы төтенше жағдайларға арналған қаржы резервінен мотопомпалар үшін 1000 метр жең сатып алынды.

Жарылыс жұмыстарын Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов орынбасары Қайрат Төлеповпен бірге бақылады.

Бауыржан Ширмеденұлы,

Сырым ауданы

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале