Игі бастамаға сәттілік тілеген колледж директоры Гүлжанар Гильманова аталмыш шараның маңыздылығын ерекше атап өтіп, салауатты өмір салтын насихаттау, студенттердің спортқа деген қызығушылығын арттыру ісі қашан да бірінші орында тұратынын жеткізді.
Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Г.Таубаева, АӘД пәні оқытушысы А.Комбулатов пен дене шынықтыру пәні оқытушысы В.Романцов бастаған шеру жоғары деңгейде өтті. Өткен жылы құрылысы аяқталған жаңа тас жолмен жүріп өткен шарушілер Железнов мектебінде болып, ондағы музейге экскурсия жасады. Студенттер музейде ауылдың терең тарихымен танысып, тұрмыс бұйымдарын және ауылдың Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің музейге тапсырған портупея, оқ-дәрі қалдықтары, ас ішу құралдарын көріп, ауыл белсенділері және әкімдері жайлы біраз ақпараттарды біле алды.
Сонымен қатар ауыл саябағындағы Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан жерлестерге арналған монументке гүл шоқтарын қойды. Әсіресе студенттерге тың игеру кезінде қойылған монументтегі трактор бірден ұнап, ерекше әсер қалдырды.
-Бұл шара спортқа деген қызығушылықты арттырып қана қоймай, өлкеміздің тарихымен таныстырып, балалардың ой-өрісін кеңейтеді. Жастардың туған жеріне деген құрметін арттырады,- дейді аудан колледжі директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Г.Таубаева.
Шара соңында, қонақтарын құшақ жая қарсы алып, ауыл тарихымен таныстырған мектеп ұжымына колледж әкімшілігі атынан алғысхат пен естелік сый табыс етілді.
Назерке Сыйлыбаева,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz