Екінші дүниежүзілік соғысы жеңісін ұлықтауға арналған ән мен жыр аз емес. Ақын жыршыларымыз ән мен жыр арқылы елімізді жаудан қорғаған жауынгерлердің ерліктерін болашақ ұрпаққа мәңгі мұра етіп қалдырды. Соның ішінде ұзақ жылдар Жеңіс мерекесі кезінде айтылатын патриоттық әндердің ішінде халыққа ертерек танымал болған, ел аузында қалған өміршең туынды – «Соғыстан қайтқан солдаттар» әні.

Әннің сөзі – майдангер ақын Сырбай Мәуленовтікі. Ал, әуені қарапайым еңбек адамы, бөкейлік әуесқой композитор Темірбек Әбілхатинге тиесілі.
Темірбек Әбілхатинді бүгінде жерлестерінен басқа қалың қазақ елі біле бермейді. Себебі, соңғы жылдары шыққан ән кітаптарында «Соғыстан қайтқан солдаттар» әнінің сазын шығарған авторы көрсетілмей, тек өлеңін жазған С.Мәуленовтің есімі ғана жазылып жүр. Дұрысында, Т.Әбілхатин Сырбай Мәуленовтің «Соғыстан қайтқан солдаттар» өлеңіне ән шығаруы Ұлы Жеңістің 25 жылдық тойына дейін танымал болған. Ән сол кездегі өнер адамдарынан өз бағасын алды. Оған: Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, әйгілі композитор Бақытжан Байқадамовтың «Қазақ әдебиеті» газетінің 1969 жылдың 13 қыркүйегіндегі санында жариялаған: «Ия, ерлікке шақырар жыр керек» атты мақаласы куә. Онда: «...«Солдат сәлемі» (әні: Әбілахат Еспаев), «Солдат сағынышы» (әні: Әсет Бейсеуов, сөзі: Әнуар Дүйсенбиев), «Бейбітшілік сақталады» (әні: Рақпан Байқоңыров, сөзі: Нұфтолла Шәкенов), «Соғыстан қайтқан солдаттар» (әні: Темірбек Әбілхатин, сөзі: Сырбай Мәуленов) сынды көңілге қонымды, көркемдігі жоғары партиоттық ән туындылары сирек кездеседі. Отаныңды қасық қаның қалғанша қорғауға әзір тұратындай намыс отын тұтандыратын, ерлік рухын себетін әскери-патриоттық ән текстері мен әуендері керек..» деп атап көрсеткен.
Темірбек Әбілхатиннің «Соғыстан қайтқан солдаттар» әнінің тарихы туралы тарихшы, өлкетанушы, «Бөкей Ордасы ауданының Құрметті азаматы» ұзақ жылдар Орда музейінде қызмет еткен Амантай Хамзин ағамыздан естіген болатынмын. Амантай ағаның студент кезінде бірде оны Алматыға ауылдан Темірбек Әбілхатин іздеп келеді. Аман-саулық сұрасқан соң, үлкен қалаға келген шаруасын айтады. Ол Сырбай Мәуленовтің «Соғыстан қайтқан солдаттар» өлеңіне ән шығарғанын, енді соны нотаға түсіретін арнайы маманға жолығуға көмектесуін сұрайды. Осы орайда олар Алматыда тұратын жерлес музыка маманы Базарбай Жұманиязовқа баруға келіседі. Ауылдас ағаны іздеп барып, тілдесіп, келген мән-жайды айтып, әнді тыңдатады. Ән баяу, вальс ырғағында шығарылған болады. Сонда, ол кезде қарапайым композитор Базарбай Жұманиязов ән мәтінімен, сазымен танысып: «Өлеңі мұңды болғанмен, халық қайғы-қасіреттен шаршады. Ел еңсесін көтеру керек. Өткенге салауат айтып, тірілер өлгендердің аманатын жалғау керек. Ол үшін, алға қарай ұмтылуға үміт беретін, рух беретін әуенге салсаң қайтеді?» – деп кеңес берген екен. Темірбек Әбілхатин жерлесінің кеңесін қабыл алып, әнді қайта қарап, жігерлі, марш екпінімен айтылатын әуезге айналдырып, қайтадан Базарбай Жұманиязовтың алдына келеді. Оның талантына разы болған жерлес ағасы, ән әуезін нотаға түсіріп, аспапта ойнап, тұсауын кесіп береді.
Осы әнді алғаш орындау бақыты ҚР еңбек сіңірген опера әншісі Мұрат Мұсабаевқа бұйырып, осы орындауда қалың көрерменге жол тартады. Сонымен «Соғыстан қайтқан солдаттар» М.Мұсабаевтың репертуарындағы басты туындыға айналып, әні де, әншісі де жарасқан жұп болып, республикалық ән жинаққа енеді. Әннің биік пафосын майталман мамандардың өзі мойындайды. Бір адамның әні жалпы халыққа ұнап қалғаны, әннің шедевр болғаны. Бұл ән шырқалғанда талай жүлделер мен марапаттарға ие болып жүрген небір сазгерлер қызыға да, қызғана да қараған екен. Себебі, ол кезде ардагерлерге арналған жалғыз-ақ, осы ән болады. Содан кейін небір айтулы жұлдыздардың орындауында «Соғыстан қайтқан солдаттар» Қазақ радиосынан сайын далаға тарап, ән көпшілік аузында жүреді. Осылайша «Соғыстан қайтқан солдаттар» әні Темірбек Әбілхатинді танымал етеді және кейінгі шығармашылық өнеріне жол ашады. Ол қазақтың белгілі ақыны Сағынғали Сейтовтің «Есіңе ал» атты майдангерлерге арналған өлеңіне де ән шығарады.
Темірбек Әбілхатин КСРО Композиторлар Одағы басқармасының бірінші хатшысы Т.Хренниковтың атынан КСРО Композиторлар Одағы Комитетінің дипломымен марапатталады.
«Бір поленезімен тарихта қалған Огинский секілді, түбі ардагер ағаларымыздың есінде пәленбай ән жинақтарымызды жарыққа шығарған біз емес, «Соғыстан қайтқан солдаттарды» жазған Темірбек қалып жүрмесін»-деп әзілдеген сазгер ағалардың сөзі Темірбек Әбілхатиннің талантына берілген баға, дарынды мойындау деп ұғуымыз керек.
Темірбек Әбілхатин еңбек ете жүріп, сазгерлік шығармашылығын дамыта түседі. Ол Орда аудандық ішкі істер бөлімін басқарған Нұфтолла Қоблановтың «Алтын алқап Нарыным», «Орда көктемі», «Керзі етік туралы баллада», «Милиция маршы», «Жаса, Қазақстан» атты өлеңдеріне де әндер шығарған.
Бала кезінен өнерге жақын өскен Темірбек Әбілхатин мәнерлеп оқуға, көзбайлау өнеріне бейім болған. Ән жазудан басқа, уытты тілді фельетондарды оқу мәнері, жонглерлік, сиқыршылық өнері, бір мезетте 8 шелек су таситын ептілігі кезінде жергілікті баспа беттеріне жазылып дәріптелген. Домбыра, гитара шертіп, пионинода, барабанда ойнаған. Осындай өнерімен кейін ауылдық клубты басқарған. Аудан көлемінде бірінші болып, отбасылық ансамбль ұйымдастырған Темірбек Әбілхатиннің негізгі мамандығы механизатор. Орда аудандық «Казсельхозтехника» бөлімшесінде механик болған, автокөлік жүргізген. Т.Әбілхатин 2003 жылы бесінші мүшел жасында дүниеден өткен. Оның отбасы, бала-шағасы Орал қаласында тұрады.
Гүлжиян Сапарғалиева,
Хан Ордасы тарихи-мәдени,
архитектуралық-этнографиялық
музей-қорығының бөлімі басшысы