Тасқала ауданында 12 оқушы оқу жылын үздік тәмамдап, «Алтын белгі» иегері атанды. Оқу озаттарын аудан әкімі құттықтап, салтанатты түрде марапаттады.
Аудан осы оқу жылында білім ошақтарын 149 оқушы бітіріп, орта білім туралы аттестат алды. Соның ішінде Садық Жақсығұлов атындағы орта мектептің төрт бірдей түлегі Сергей Таршилов, Гүлбахрам Утешева, Гүлназ Гайсанова, Наргиз Идрисова, «Сәулет» мектеп-лицейінің түлектері Қасымхан Шангереев, Дильназ Кенжетаева, Аида Шунаева, Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектептің түлектері Тілек Аманат, Айнамкөз Төлеген, Альмира Макаева, Айлана Шопликова, Айдынғали Әлия жоғары марапатқа ие болды.
Мектеппен қоштасып, жаңа өмірге қадам басқалы тұрған «Алтын белгі» иегерлерін аудан әкімі Бауыржан Айтмағамбетов құттықтады.
- Бүгін, баршамыз үшін маңызды күн. Түлектердің білімге деген құштарлығы, қажырлы еңбегі мен табандылығының нәтижесінде жоғары марапатқа ие болып отыр. Біздің ауданда талантты балалар көп екенін мақтан тұтамын. Сіздердің араларыңызда олимпиадалардың, зияткерлік және шығармашылық конкурстардың, спорттық жарыстардың жүлдегерлері бар. Біз сіздерді мақтан тұтамыз. Алар асуларыңыз көп болсын, – деген аудан басшысы, түлектерге «Алтын белгілерін» табыстады.
Салтанатты рәсімде «Алтын белгі» иегерлерінің ата-аналары аудан әкімінің Алғыс хатымен ұлықталды. Сондай-ақ барлық түлекке арнайы сыйлықтар тапсырылды.
Камшат Калиева,
Тасқала ауданының
білім беру бөлімінің әдіскері