12.11.2021, 14:50
Оқылды: 366

Он саусағынан өнер тамған шебер

Жүйке жүйесі ұсақ іске шыдамды, керісінше сол  жұмысынан шабыт алатын, қолының қиюы, ине-жіпке икемі мен ебі бар шығармашылықтың адамдары көбіне қоғамнан тысқары, саяқ жүреді.

eee02bca-e8da-4332-853a-60c60b0ed6df

Ойындағы көркем дүниені жалпы жұртқа жарқ еткізіп, көпшілікке көрсетуі үшін күні бойғы тынымсыздық пен қаншама ұйқысыз түндерді артқа тастайды десеңізші?! Олай дейтініміз уақыт пен табандылықты талап ететін өнер түрімен шұғылданатын шеберлер үнемі ізденіс үстінде жүріп, оңашада өзін шыңдауы,  тәжірибесін жиі қайталауымен тоқсан толғандырған еңбегінің  нәтижесін көреді. Сондай жемісті һәм табысты еңбек етіп елге танылған, тігіншіліктің тізгінін ұстап жүрген шебер қолдың иесі,  жерлесіміз – Бақыт Наурызәлиева.

Жеке кәсіпкер Бақыт Мұхтарқызы іске ғана емес, сөз саптауға да шебер кісі екен. Біраз сұхбат құрған  едік, сауалдарымызға тұшымды жауап алып, оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

- Мен 1955 жылы БҚО, Жаңақала ауылы, Мәстексай ауылында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Отбасында 10 бала болып, 3 ұл, 7 қыз тәрбиелендік. Әкеміз Наурызәлив Мұхтар біз ес білгеннен,  өмірінің соңына дейін Мәстексай ұжымшарында фирма меңгерушісі болып еңбек етті. Анам Хасанова Дәмет – тыл еңбеккері, ерте кезде сауыншы болып, ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған. Қазір екеуі де  о дүниелік болды. Анамыздың қолы шебер кісі-тұғын. Кішкентай кезімде оның жасаған ісіне зер салып, жанынан еш ажырамай, бәрін қалт жібермей бақылайтынмын. Қасында жүріп, қалған қиындылардан бір нәрсе жасауға талпынатын едім. Қайшымен ерте достастым. Анамның еңбегін көңіліме тоқып, өміріме үлкен сабақ алдым десем де болады. Сол кезде балалық қызығушылығым үлкен арманға айналды. Өзімнің бітірген мамандығым -  кітапханашылық. Кітапханашы мамандығын 1972-жылы бітіріп келгенімде Жаңақала ауылынан практикадан өтіп, кейін Балғын бөлімшесінде аздаған уақыт жұмыс жасадым. Бірақ бойымдағы бала арманымды тұншықтыра алмадым. Әдемілікке, сұлулыққа сұқтанып, көздің жауын алар маталарды көрсем, көзім шарадай жанатын. Мақпал, сәтендерді сипалап, айналшықтап жүріп, жан қалауымды таңдауға шешім қабылдадым. Солайша негізгі саламды әуесқойлығым басып озды. Жаратушы анамнан дарыған асыл қасиетті  7 қыздың ішінен тек қана маған бұйыртыпты, - дейді Бақыт Мұхтарқызы өзінің өмір тарихынан сыр шертіп.

Табыс әкелген тігіншілік

Иә, тігіншілік те тектен-тек  жүрген адамға берілетін өнер түрі емес. Оны тектілер, өзіне сенімді әрі төзімді жан ғана басындағы бағындай бағалары белгілі. Бұл өнер  тепе-теңдікті, дәлдікті, есептеуді қажет ететін тұнып тұрған математика дерсің. Себебі матаны келістіріп, дәлдеп қию, оны орнымен қиюластыру – оңай шаруа деп кім айтты?!. Сондықтан да шығар, қазағымыз шебер қолды жандарға қарата «Ине-жібі бар әйелдің үсті-басы жыртылмайды», «Шебердің инесі де, күймесі де – алтын», «Тігіншіні инесі асырайды», «Шебердің қолы алтын», «Қолында өнері бардың, белінде кемері бар» деп небір мәйекті мақалдармен дәрежесін асқақтатуға тырысқан.

d9a780e6-3f1a-4efe-a266-67a69fd9c7ad

Мақаламыздың басты кейіпкері Бақыт апа сөзін жалғай келе:

- 1979 жылы Арыстанов Ақмұхан ағаңмен отау құрғаннан соң, Мәстексайда  тұрдық. Ол кезде мекеме жанынан бөлме алып, орналасып, кәсібімді бастап кеттім. Ең алғашқы жылдары киім тігу, пішу, адамдардың әкелген киімдерін жөндеу секілді жұмыстар атқарып жүрдім. Кейінірек балаларым өсіңкіреп, қолым ұзарған соң Мәстексайдан  Жаңақалаға қатынап, еңбек еттім. Сөйтіп жүргенде тұтынушыларым көбейіп, тігіншілік сұранысқа  ие кәсіп екеніне көзім жетті. Орталық базардың бір бөлмесін жалға алып, басқа да тұрмысқа қажетті заттарды тіге бастадым. Әсіресе терезе жабын тігуге көп сұраныс болды. Екі ортада жүріп, жұмыс жасау қолайсыз болғандықтан, отбасымызбен тұрғылықты мекенжайымызды өзгертуді шештік. Мәстексай ауылынан 2018 жылы қозғалып, Жаңақалаға көшіп келдік, - деді еңбекке араласқан жылдарын айта келе.

Бақыттың кілті – еңбекте

Бүгінгі таңда он саусағынан өнер тамған шеберіміз – шаңырағының сыйлы отанасы, ардақты жар, асыл ана, кемеңгер әже. Зайыбы Арыстанов Ақмұхан аға екеуі – 3 перзенттерінен 2 немере, 4 жиен сүйіп отырған бақытты ата-әже. «Ата өнері – балаға мұра» демекші, қызы Гүлсая Ақмұханқызы да анасының жолын қуып, киелі өнерді меңгерген екен. Анасының атындағы «Б.Наурызәлиева» жеке кәсіпкерлігіне көмектесіп, жанында серігі, қолұшын созар қолқанаты болып, тігіншілік  еңбегін жасап жүр.

- Бұрын ательеміз «Салтанат» сауда үйінде болды. 2017-2018 жылдары жабынның үстіне ұстайтын «оюлы ламбрекен» деген бір әдемі дүние керім сәнде болды. Сол кезде халқымыз қазақылыққа қарай ақырындап бет бұрып келе жатқандай көрінді. Себебі сол  ламбрекендерге қазақтың түрлі оюлары көмкеріліп, сән беретін еді. Ламбрекен дайындау да – біраз сабырыңды сарқитын жұмыс. Дайындаған ою түрін (лекаланы) алдымен қағазға сызып, қайшымен қиып алып, оны матаға түсіріп аламыз. Одан соң қатты фетр матасына банағы матаға сызылған оюымызға бандо жабыстырып, үтіктеу арқылы желімдейміз. Оюымыздың кескінін шығару үшін арнайы мата оютын электрлік күйдіруші құралмен ойып шығарамыз. Шеттерін әдемілеу үшін әрбір моншағын ыстық желіммен жабыстыратын едік. Осылайша бір ламбрекенді тез  дайындау үшін таңғы сағат 4-5-ке дейін көз шырымын алмаған кездер болды. Бірақ қызымыз екеуміз ширақ қимылдап, тұтынушылардың көңілінен шығатын жұмыстар атқардық.  Көптеген отбасылардың төрінде сол оюлы ламбрекен-жабындар ілулі тұрғанына сенімдімін, - дейді жүзі бал-бұл жанған кәсіпкеріміз маңдай терінің ыстық екенін есіне алып.

438d08a6-03d7-4afd-9a48-6cb44e8fbcb6

Біз мақаламызға арқау еткен  қолөнер шеберінен сұхбатымызды  орталық базарда орналасқан «Қуан» сауда үйіндегі ательесінен барып алған едік. Пердеге қажет маталардың түр-түрі қаздай тізіліп, ақшаңқай селдір шілтер-шымылдықтар  (тюль) аққудай үлбіреп өз иесін күтіп тұрғандай.  Иә, қазір заман өзгерді, адамның талғамы да. Әр адам өзіне қажетті дүниені өз талғамымен жасайтын болды. Үйдің сәнін келтіретін – перде десек, қателеспейтініміз анық. Сондықтан да ол бұйымға халықтың сұранысы жоғары. Әсіресе, тұрмыс құратын қыз бала жасауына осы дүниені қосатындықтан, сапалылығына  қоса әдемілігіне де мән берері хақ. Айтып-айтпай не керек, халық сұраса біздің хас шеберіміз қам-қарекетін ертерек қадағалап, уақытында дайындап, тұтынушының ризашылығын алуды көздейді.

- Адам адал еңбекпен нан тапса, оның дәмі де тәтті болады. Ұл-қыздарыма жиі айтып отырамын. «Мені осы өнерім асырады. Сендер де өздеріңнің бағыттарыңды тауып, ерінбей-жалқауланбай тоқтамай, еңбек етіңдер. Сонда ғана бақытқа, байлыққа жетесіңдер» деп. Шүкір, балаларым сөзімді санасына сіңірді деп ойлаймын. Өз нәпақаларын өз күштерімен тауып жүр,- деген балаларына айтқан аналық ақылын бізге де жанашырлықпен айтқандай көрінді

- Маған келетін тұрғындардың көбі ауылдардан келеді. Сондағы байқағаным кейбір келіншектер өзі үйден жасай алатын ұсақ жұмыстарын менің алдыма тастап кетеді. Сол кезде оған жаным ашып қараймын ғой баяғы. Бір жағынан жол, бір жағынан менің еңбегім бар. Осыны өзі үйінен тігіп алса, екі шығын болмас еді деп қынжыламын. Сондай сәттерде «Жастар кержалқауланып бара жатқан жоқ па осы?» деген сұрақ көмейіме тіреледі, - дейді еңбексүйгіш, өз-өзін жұмыспен қамтып отырған кәсіпкеріміз.

bd86b7f6-4607-4c21-9feb-41b72ee43e37

Бақыт Мұхтарқызының сөзіне толықтай келісе отырып, бұл бізге де айтылған ескерту-сын екенін ұққандай болдық. Жүзінен мейірім ескен, тілінен бал тамған, қолы қармағына  айналған кәсіпкер ананың шырайлы шеберханасынан біз тамсанып аттандық.

Құндыз Қадырбаева,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале