Шыңғырлау ауданы Ақбұлақ ауылындағы өнегелі әулеттердің бірі – Мырзағалиевтер отбасы. Мырзағалиев Амангелді атамыз бен Нағима анамыз он перзент дүниеге әкеліп, оқытып, тәрбиеледі. Балалары бұл күнде әр салады абыройлы еңбек етуде.Үлкен қызы Гүлдәрі Амангелдіқызы Ақтөбе өңірінде ауыл әкімі болып, мемлекеттік қызметтен зейнетке шықты.
Бүгінде атамыз кіші ұлы Азаматтың қолында. Келіні Айнагүл Қалапқызы атасының жағдайын жасап, көңілінен шығып отырғаны да бұл отбасының бірлігі жарасқан, ұлттық салт-дәстүрді берік ұстанатын, кейінгі ұрпаққа тағылымды тәрбие беретін өнегелі жанұя екенінің дәлелі. Бұл отбасы ата-дәстүрді дәріптеумен қатар жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды үйретуден жалыққан емес. Амангелді ақсақал немереден шөберелерін көріп, олардың қолынан май жалаған бақуатты жан.
Өмір жолы, еңбек жолы совхоздың мал шаруашылығымен бірге өрілген Амангелді атаның балалары да бір-біріне деген құрметі мен сүйіспеншілігін өмірлік ұстанымға айналдырып, айналасына мейірімділік пен парасаттылықтың үлгісін көрсетіп келеді. Ұрпақ сабақтастығын жалғаған бұл отбасының басты қағидасы – сыйластық пен татулық, бірлік пен ынтымақ.
Мырзағалиевтер әулеті қоғамға пайдалы істерге де белсенді түрде атсалысады. Олар ауылымызда өткізіліп жатқан ұлттық мерекелерде, қоғамдық шараларда белсенділік танытып, жастарды дәстүрімізді бағалауға шақырады. Немересі Алияр Амангелді "Хан" шаруа қожалығының басшысы. Ауылшаруашылығы саласында 2024 жылдың қорытындысы бойынша "Үздік жас фермер" аталымына ие болды.
Шаңырақ күні қарсаңында Ақбұлақ ауылдық округінің әкімі Светлана Байтенова жас ұрпақты тәрбиелеу ісін дұрыс жолға қойып, олардың бойында патриотизм, адамгершілік, білімқұмарлық пен еңбекқорлыққа деген құштарлықты қалыптастыру жолындағы еңбектері үшін Мырзағалиевтер отбасын құттықтады. "Отбасы – бұл әр адамның өміріндегі басты құндылық, күш, қуат, жақсылық, үйлесімділік көзі. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп отырған Мырзағалиевтер отбасының үлгілі өмірі мен берекелі тірлігі көпшілікке өнеге"-деп атап өтті ауыл әкімі С.Байтенова. Мәдениет үйінің қызметкерлері де осындай мейірім мен жылулыққа толы шаңырақтар көп болсын деген тілектерін жеткізді.
Халқымыз отбасының адам өміріндегі маңыздылығын, оның білім берудегі және болашақ ұрпақты еңбекқорлыққа тәрбиелеудегі рөлін терең түсінген. Ендеше бұл ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан, қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз ететін дәстүрге құрмет пен ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтудың жарқын көрінісі.
Алмагүл Имашева
Шыңғырлау ауданы