6.01.2020, 10:24
Оқылды: 37

Өнері кәсібіне айналды

Бір кездері әр нәзік жандының ермегі болған тоқу өнері осы күні кенде қалып барады. Қазір ақшасы бар адам кез келген нәрсені сатып ала алады. Ал шебердің қолынан шыққан дүниелер эксклюзив саналады.

 baiterek (2)

Бәйтерек ауданында да сондай қайталанбас заттарды тоқып, кәсіп етіп отырған жан бар. Ол – Переметный ауылының тұрғыны Әлия Мақұлова.

Осыдан 8 жыл бұрын ауданға қарасты Мичурин ауылынан көшіп келген ол ешкімге қол жаймай, еңбекпен нан тапқанды ұнатады. Ал тоқу өнерін анасы Тояштан үйренеді.

Осылайша 12 жасында тоқу инесі мен ілмегін алғаш қолына алған Әлия да бұйымдар тоқи бастайды.

- Бала күнімізде анамыздың ермегі тоқу болатын. Соған қарап отырып, қызығушылығым артты. Анам байқаса керек, мені де осы өнерге баулыды.

 Тоқу өнері өзіме ұнайтын. Анамнан дарыған өнерді тастаған емеспін. Бірақ, кәсіп етемін деген ой ешқашан болған емес, - дейді Әлия.

baiterek (1)

Расымен де осыдан 25-30 жыл бұрын тоқылған шұлық пен бас киім сату мүмкін емес еді. Өйткені екінің бірі тоқитын. Осы күні заман өзгерді. Тоқу өнерін игерген нәзік жандылар саны күрт азайды. Ал қолөнер бұйымдары бағасы шарықтап қымбаттап кетті. Нарық заңын түсінген Әлияға достары қолөнер бұйымдарын сату жөнінде ұсыныс тастайды.

Оны Әлияның өзі:

- Шынымды айтсам, өнерім кәсібіме айналады деген ой үш ұйықтасам, түсіме кірмейтін. Достар бұйымдарымды сатып ала бастады. Басында тегін бердім. Кейін бірінен-бірі естісе керек, бағасын қойып, тапсырыс бере бастады, - дейді.

Бүгінде Әлияны қолөнер өнері кәсіпке бастады. Оның бұйымдары тіпті Алматы, Шымкент, Қызылорда және Нұр-Сұлтан қаласына дейін жеткен. Тіпті бір досы «Мәскеудегі танысыма жасап берші» деген ұсыныс тастаған болса, бір досы Әлияның бұйымын Шешенстан астанасы Грозный қаласына сыйға жіберген.

Әлия төл өнерге соңынан ерген қыздары мен немере-жиендерін де баулып келеді. Тіпті ғаламтор желісі арқылы да тоқу өнерінің жаңа үлгілерімен танысып, анасынан дарыған өнерді дамытуда.

Түгелбай Бисен

суреттерді түсірген: Сәлім Мәмбетәлиев

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің

 Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале