2.03.2022, 12:30
Оқылды: 94

Өнерлі ұстаздар концерт қойды

Бәйтерек ауданы Мичурин мектебінің жанынан құрылған «Жалын» шығармашыл ұстаздар мен оқушылар ұжымы өзінің Алғыс айту күні мен 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне арналған концертін өткізді. Ауыл клубында ұйымдастырылған тамаша өнер кешіне аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Радик Ихласов, ауылдық округ әкімі Максим Мусалимов және ауыл тұрғындары қатысты.

мичурин (2)

Мектеп директоры Алмагүл Кенжебаеваның бастамасымен 2013 жылы құрылған «Жалын» өнер ұжымы содан бері табысты жұмыстанып келеді. Әр мереке сайын мектеп жанында және ауылда өтетін түрлі шараларға белсенді қатысатын мектеп өнерпаздары осы күні өз көрерменін тапқан. Бір орында тұрмай, әрдайым ізденіс үстінде жүретін шығармашыл ұстаздар мен оқушылар биылдың өзінде екі бірдей үлкен концерт беріп үлгерді. Оның алғашқысын «Нұрберген» шипажайында ұсынса, ақпан айының соңында округке қарасты Асан ауылын клубында өткізіп, көпшіліктің ықыласына бөленді.

мичурин (5)

Мичурин ауылдық клубында болған концерт барысында көпшілкке патриоттық және басқа да бағыттағы әндерін, қазақ күйлері мен түрлі би ұсынған өнерпаздар тұрғындарға тамаша көңіл күй сыйлады. Әсіресе мектеп жанынан құрылған «Достық» клубының жас ассамблея мүшелерінің өнеріне ағайын лайықты бағасын берді.

Қызықты концерт соңында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев мектеп ұстаздарын біріктіріп, мұғалімдер мен бүлдіршіндердің өнерін шыңдау бағытында құрылған ұйым жұмысына оң бағасын беріп, мектеп директоры Алмагүл Кенжебаеваға аудан әкімі Марат Тоқжановтың алғысхаты мен естелік сыйлығын тарту етті.

мичурин (6)

Сонымен қатар мектеп ұжымы мен концерт ұйымдастырушыларына алғыс білдірген еңбек ардагері Вера Варфоломеева ел амандығын тілесе, тағы бір ауыл тұрғыны, вайнах ұлтының мүшесі Хамза Гелагаев та ақжарма тілегін білдіріп, бір кездері күштеп көшірілген вайнах ұлтын өз бауырындай қабылдап, барымен бөліскен қазақ еліне рахметін жеткізді.

мичурин (1)

-«Жалын» ұжымы біраз жылдан бері табысты еңбек етіп келеді. Мейрамға толы наурыз айын осындай концертпен бастап, ел көңілін аулауды жөн көрдік. Болашақта ауданға қарасты Махамбет және Макаров ауылдарында концерт берсек деген жоспарымыз бар, - деді Мичурин мектебінің директоры Алмагүл Кенжебаева.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале